ШЫМКЕНТ: Жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға сый-сияпат жасалды

0
17

Ата-аналар да ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, бұл қолдаудың өздері үшін аса маңызды екенін айтты


ШЫМКЕНТ: Жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға сый-сияпат жасалды

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда елімізде дәстүрге айналған «Баланы мектепке дайындайық» акциясы Шымкент қаласында жалғасын тапты. Игі шара аясында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қолдауымен, қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Муфтулла Қонақбаев әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсетті.

Депутат өз қаражаты есебінен 30-ға жуық оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмкелерді тарту етті. Жаңа оқу жылына дайындық барысында мұндай қолдау ата-аналар үшін де, балалар үшін де ерекше қуаныш сыйлады. Әсіресе бірінші сыныпқа баратын балалар үшін мектепке қажетті құралдарды сыйға алу — үлкен шабыт пен қуаныштың көзі болды.

Салтанатты іс-шарада балалардың жүздерінен қуаныш пен толқу сезімі анық байқалды. Олар мектепке баруға асығып, жаңа сөмкелерін мақтанышпен көрсетіп жатты. Халық қалаулысы Муфтулла Қонақбаев бүлдіршіндерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді:
— Әне-міне дегенше бәріңіз жаңа оқу жылына аяқ басқалы отырсыздар. Бұл — бір жасқа есейдіңдер деген сөз. Есейген сайын білімнің маңыздылығын түсініп, өздеріңді дамыта түсетініңізге сенемін. Ел ертеңі — сіздердің қолдарыңызда. Ал ол тізгінді ұстар азаматтар білімді болуы тиіс. Сол себепті оқуда озат болуға шақырамын, — деді депутат.

Осылайша балаларға берілген сыйлық тек материалдық көмек қана емес, сонымен бірге олардың болашаққа деген сенімін нығайтты. Ата-аналар да ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, бұл қолдаудың өздері үшін аса маңызды екенін айтты.
— Біздің балаларымыз үшін бүгінгі көмек үлкен демеу болды. Әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңында мектепке қажетті құралдарды алу оңайға соқпайды. Сол себепті көрсетілген қамқорлық үшін үлкен алғысымызды айтамыз, — деді көпбалалы ана.

«AMANAT» партиясының «Баланы мектепке дайындайық» акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оның мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына даярлау, олардың сабаққа баруына толық мүмкіндік жасау.

Шараның ерекшелігі – балаларға тек мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталып қана қоймай, оларға қуаныш сыйлау, болашаққа сенім ұялату. Акция аясында Шымкент қаласында жүздеген бала қамтылып, олардың жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастауына жағдай жасалуда.

Жиын соңында партия өкілдері аталған қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да тұрақты жалғасын табатынын атап өтті. «AMANAT» партиясы үшін әрбір баланың сапалы білім алуы мен олардың әлеуетін арттыру басты назарда. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіле бермек.

Бөлісу