Қайырымдылық бағытында «Шуақты Наурыз – Шымкентте» атты іс-шара өткізіліп, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға азық-түлік себеттері таратылды.
Шымкент қаласында волонтерлік қозғалысты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында «2030 жылға дейінгі волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасының жобасын қалыптастыру үшін ұсыныстар мен пікірлер жинау» тақырыбында баспасөз конференциясында айтылды.
Жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған жобалар аясында нақты нәтижелерге қол жеткізілген. 2025 жылы аталған бағытта 16 іс-шара өткізіліп, 500-ге жуық жас қамтылды. Сонымен қатар волонтерлер мен қоғамдық ұйым жетекшілерінің қатысуымен кездесу ұйымдастырылып, жазғы кезеңге арналған жоспарлар нақтыланды. Волонтерлерге арналған «Волонтерлікке қадам бас» оқыту форумы өткізілді.
«Birgemiz: Qamqor» жобасы шеңберінде «Ардагерлерді ардақтайық», «Жұмадағы жақсылық», «Барыңмен бөліс», «Жақсылық жаса», «Игі істер марафоны» акциялары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ерікті жастар тыл ардагері Николай Андреевтің үйіне барып, ауласын тазалап, тұрмыстық көмек көрсетті. Жыл басынан бері 33 іс-шара өткізіліп, 21 жалғызбасты қартқа нақты әлеуметтік қолдау көрсетілді.
«Birgemiz: Sabaqtastyq» жобасы аясында мемлекеттік және ұлттық мерекелерге орай мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл бағытта 17 іс-шара өткізіліп, 100-ге жуық жас қамтылды. Ал «Birgemiz: Umit» жобасы шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігінің Шымкент қалалық департаментімен бірлесіп өрт қауіпсіздігі, газдан уланудың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Халықаралық волонтерлер күніне орай арнайы квест ұйымдастырылды. Жыл басынан бері 46 іс-шара өткізіліп, 10 000-ға жуық тұрғын қамтылды. Жастардың тарихи-мәдени танымын арттыру мақсатында «Birgemiz: Asyl Mura» жобасы аясында музейлерде тұрақты экскурсиялар ұйымдастырылып, 16 іс-шараға 800-ге жуық жас қатысты.
«Birgemiz: Saylyq» жобасы бойынша алғашқы медициналық көмек көрсету бағытында 12 іс-шара өткізіліп, 100-ге жуық жас қамтылды. Ал «Birgemiz: Ayala» жобасы шеңберінде жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында 13 іс-шара ұйымдастырылып, 300-ге жуық жас тартылды.
Қайырымдылық бағытында «Шуақты Наурыз – Шымкентте» атты іс-шара өткізіліп, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға азық-түлік себеттері таратылды. Бұл бастамаға 10-ға жуық кәсіпкер қолдау білдірді. Сонымен қатар, «Жас волонтер» жобасы аясында үздік жобалар байқауы ұйымдастырылып, 26 жоба ұсынылып, 36 жас өз идеяларын қорғады. Нәтижесінде 5 бағыт бойынша жеңімпаздар анықталды. Экологиялық бағыттағы жұмыстар да қарқын алған. «Taza Alem» акциясы аясында Бадам су қоймасы аумағында 80 еріктінің қатысуымен 7 тонна қоқыс жиналды. Жалпы алғанда, 155 іс-шара әлеуметтік желілерде жарияланып, жоспардан тыс 42 қосымша іс-шара өткізілді. Нәтижесінде 14 000-ға жуық жас қамтылды.
2026 жылы «Таза Қазақстан» және «Таза Шым» акциялары аясында тазалық және көгалдандыру жұмыстары жалғасын тапты. 300 жастың қатысуымен экологиялық флешмоб ұйымдастырылып, 3 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, 100-ге жуық жастың қатысуымен 1000 түп ағаш отырғызылды. Жыл басынан бері экологиялық бағытта 28 іс-шара өткізіліп, 2 500-ге жуық жас қамтылды. Алдағы уақытта «Волонтер ұйымдарының көшбасшыларына арналған жазғы мектеп» лагерін ұйымдастыру, «STOP! Graffiti» жобасы аясында мониторинг жұмыстарын жүргізу және «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде экологиялық сенбіліктер өткізу жоспарланып отыр. Жалпы, Шымкент қаласында волонтерлік қозғалысты дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, қоғамда белсенділік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етуде.