ШЫМКЕНТ: ​«Ten Qogam» орталығында әлеуметтік қолдау шаралары таныстырылды

0
81

Жоба білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және спорт салаларында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.


ШЫМКЕНТ: ​«Ten Qogam» орталығында әлеуметтік қолдау шаралары таныстырылды

Шымкентте Еңбекші аудан тұрғындары мен мүгедектігі бар азаматтардың қатысуымен «Ten Qogam» орталығында «Әлеуметтік қолдау шараларын тағайындауда отбасылардың әл-ауқатын анықтаудың скорингтік моделін енгізу» тақырыбында жиналыс өтті.

Іс-шараға Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Отбасы банк» өкілдері қатысып, жоба туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері түсіндірілді.
Жиын барысында пилоттық жобаның цифрлық платформа негізінде жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Жоба білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және спорт салаларында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Скорингтік модель бойынша отбасылардың әл-ауқаты 23 әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш негізінде бағаланып, 6 санатқа бөлінеді. Қажетті қолдау түрлері цифрлық платформа арқылы автоматты түрде тағайындалады.
Мемлекеттік жәрдемақылар бұрынғысынша сақталады, ал қосымша көмектер (тегін тамақ, жатақхана, емдеу, тұрғын үй көмегі) жергілікті бюджет есебінен нақты мұқтаж азаматтарға беріледі. Бағалау кезінде табыс, мүлік, көлік, несие, денсаулық жағдайы, мүгедектік, білім деңгейі және бейресми табыс ескеріледі.
Мысалы, отбасында екі үйі, екі көлігі, тіркелген заңды тұлғасы бар және табысы күнкөріс деңгейінен төрт есе жоғары болса, ол қосымша қолдауға жатпайды. Ал 1–5 санаттағы отбасыларға көмек автоматты түрде беріледі.
Айта кетейік, скорингтік модель 41 мемлекеттік жәрдемақыға әсер етпейді, олардың төлемі өзгеріссіз қалады.
Жиын соңында қатысушылар мамандарға сұрақтарын қойып, нақты әрі түсінікті жауаптар алды.
Бөлісу