ШЫМКЕНТ: Текесу тұрғын алабында сумен жабдықтау жүйесі іске қосылды

0
156

Қала әкімі демеушілер мен мердігер ұйымдарға көрсеткен әлеуметтік жауапкершіліктері үшін алғысын білдірді.


ШЫМКЕНТ: Текесу тұрғын алабында сумен жабдықтау жүйесі іске қосылды

Бүгін Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сумен жабдықтау жүйесі іске қосылған Текесу тұрғын алабын аралады.

Шымкент қаласында тағы бір маңызды әлеуметтік мәселе өз шешімін тапты. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сумен жабдықтау жүйесі толық іске қосылған Текесу тұрғын алабында болып, жергілікті халықпен кездесті. Мегаполис басшысы тұрғындарды қуанышымен құттықтап, атқарылған жобаның аймақтың әлеуметтік дамуы үшін зор маңызға ие екенін атап өтті.

Бұл жоба қала әкімінің тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Бұған дейін өткен көшпелі кездесулердің бірінде текесулықтар өздерін толғандырып жүрген басты мәселені – ауыз су тапшылығын көтерген болатын. Көп жылдар бойы тұрғындар тұрақты әрі сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай келген. Жергілікті халықтың өтінішіне жедел назар аударған әкімдік пен жауапты мекемелер мәселені шешу үшін нақты шараларды қолға алды.

Нәтижесінде жалпы ұзындығы 14 шақырым болатын жаңа су құбыры тартылып, 130 абонент енді санитарлық талаптарға сай таза әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл – текесулықтардың тұрмыс жағдайын едәуір жақсартуға бағытталған аса маңызды қадам.

Жобаны жүзеге асыруда демеушілердің қолдауы айрықша рөл атқарды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мердігер ұйымдар мен демеушілерге көрсеткен әлеуметтік жауапкершілігі үшін ризашылығын білдіріп, олардың елдімекенді дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің үйлесуі тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда үлкен маңызға ие.

– «Текесу тұрғындары ұзақ жылдар бойы күткен ауыз суға бүгін қол жеткізіп отыр. Бұл – бірлескен еңбектің жемісі. Ендігі міндет – жүйені күтіп ұстау, ауыз суды үнемді пайдалану және ортақ жауапкершілікті сақтау», – деді қала әкімі өз сөзінде.

Жоба нәтижесінде тұрғындар енді сапасы күмән тудырмайтын, үздіксіз берілетін ауыз суға қол жеткізіп отыр. Бұл, ең алдымен, халықтың денсаулығына оң әсер етеді, тұрмыстық жағдайды жеңілдетеді және өмір сапасын арттырады. Бұған қоса, таза су ауыл шаруашылығын дамытуға, тұрмыстық қызмет сапасын жақсартуға және елдімекеннің экологиялық жағдайын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, Шымкент қаласында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі соңғы жылдары қала басшылығының басты назарында тұр. Әкімдіктің жоспарына сәйкес, алдағы уақытта өзге де елдімекендерде осындай жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, қала тұрғындарының барлығы дерлік сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Текесу тұрғын алабындағы ауыз су жүйесінің іске қосылуы – бұл тек инженерлік инфрақұрылымды дамыту емес, сонымен қатар қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру жолындағы нақты қадамдардың бірі. Бұл бастама халықтың әл-ауқатына тікелей ықпал етіп, олардың сенімін арттыра түсті.


Бөлісу