Жоба аясында 9 шақырымға жуық кәріз желісі мен 12 шақырымнан астам су құбыры тартылды.
Шымкент қаласындағы «Сауда-логистикалық орталық» индустриалды аймағын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасы жүзеге асырылуда. Жоба электр қуатымен және сумен жабдықтауды және кәріз жүйелерін салуды қамтиды.
Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының тапсырмасымен жобалау жұмыстарын «Батыс-Алға LTD» ЖШС орындап, құрылыс-монтаж жұмыстарын «Отау-Строй» ЖШС атқаруда, ал техникалық қадағалауды «Ақтаустройэксперт» ЖШС жүзеге асырады.
Жоба аясында 9 шақырымға жуық кәріз желісі мен 12 шақырымнан астам су құбыры тартылды. Көлемі 4 000 текше метрлік екі резервуар, сорғы станциясы және бақылау-өткізу пункті салынды. Қазіргі таңда нысандардың жұмысы толық аяқталып, 100 пайыз дайын.
Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 16 шақырым болатын 35 кВ кернеулі әуе электр желісі жүргізілуде.
Жобаны іске асыру нәтижесінде сауда-логистикалық орталық инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіліп, 18 кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Бұл өңірдің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қаланың инвестициялық тартымдылығының артуына оң әсер етеді.


