ШЫМКЕНТ: салық міндеттемелерін орындауда заңбұзушылықтар анықталды

0
88


ШЫМКЕНТ: салық міндеттемелерін орындауда заңбұзушылықтар анықталды

Шымкент қаласында орналасқан “Sayabak alemi” ойын-сауық орталығының қаржы-шаруашылық қызметіне Мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан талдау жүргізілді.

Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек егжей-тегжейлі айтып берді.

Аталған серіктестік 2022 жылғы 30 сәуірден бастап жұмыс істеп келеді. Талдау нәтижесінде серіктестіктің нақты табысы мен жалдамалы жұмысшылар санына қатысты мәліметтерді толық көрсетпей, салық төлеуден жалтару белгілеріне жол бергені анықталды.

Атап айтқанда, “Sayabak alemi” ЖШС 2023 жылға тапсырған салық есептілігінде бар болғаны 48,7 миллион теңге көлемінде айналым көрсеткен және тек 18 жалдамалы қызметкердің еңбегі тіркелген. Алайда 2024 жылдың қыркүйек айында жүргізілген хронометраждық бақылау нәтижесі бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын көрсетті: нақты айналым көлемі 292 миллион теңгені құрап, алты есеге дейін жасыру дерегі тіркелген. Сондай-ақ, жұмысшылар саны да 24 адам болғаны анықталып, алты қызметкердің есебі мүлдем көрсетілмегені белгілі болды.
Бұдан бөлек, серіктестік жалға алушылар туралы мәліметтерді салық органдарына мүлде ұсынбаған. Яғни, 871.00 нысанды есептілік мүлде берілмеген. Бұл жағдай жалға алушылар туралы ақпаратты әдейі жасырып келгенін білдіреді.
Мемлекеттік кірістер органдары анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдайды және салық тәртібін бұзған кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігі заң аясында қаралады.
Бөлісу