«Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Ержан Сапарбаев шетелдік студенттермен кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының аумағында шетел азаматтарының болу тәртібін түсіндіру және студенттердің құқықтық сауатын арттыру.
Іс-шара М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде өтті. Кездесуге Басқарма төрағасы – ректор Ғани Бесбаев, Халықаралық ынтымақтастық департаменті директоры Арида Турымшаева , тұрғын үй және газ қауіпсіздігі саласының мамандары, сондай-ақ 700 шетелдік студент қатысты.
Кездесу барысында Ержан Сапарбаев, шетел азаматтарының визада немесе ресми тіркеуде көрсетілген мекенжай бойынша тұруға міндетті екеніне тоқталып, көші-қон заңнамасын бұзған жағдайда заңда көзделген тиісті шаралар қолданылатынын ескертті.
Сонымен қатар, кездесу барысында шетелдік студенттердің құқықтары мен олардың күнделікті қауіпсіздігіне қатысты мәселелер қозғалды. Қатысушыларға газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелері, сондай-ақ төтенше жағдай туындаған кезде атқарылатын іс-қимылдар жөнінде ақпарат берілді.
Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Мұндай іс-шаралар шетелдік студенттердің құқықтық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ оқу орнында қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.


