Шымкент пен Пловдив қалалары арасында бауырластық қатынас орнату туралы меморандумға қол қойылды

0
63


Шымкент пен Пловдив қалалары арасында бауырластық қатынас орнату туралы меморандумға қол қойылды

Бүгін елімізге Болгария Республикасының Президенті Румен Радев ресми сапармен келді. Қазақстан мен Болгария мемлекеттерінің басшылары кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында екіжақты күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен талқыланды. Мемлекет басшысы Румен Радевтің елімізге ірі делегацияны бастап келуі екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ сауда айналымының тұрақты өсіміне тоқталып, оны одан әрі ұлғайтуға әлеует жоғары екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы болгар компанияларымен және инвесторларымен арадағы әріптестікті қолдайтынын білдіріп, бұл бағыттағы жұмыстың табысты жүзеге асуында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның рөлі маңызды екеніне тоқталды. Тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға және қазақ-болгар қатынасын ілгерілетуге бағытталған жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.
Келіссөздер аяқталғаннан кейін бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылып, өзара алмасу рәсімі өтті. Оның ішінде Шымкент пен Пловдив қалалары арасында бауырластық қатынас орнату туралы меморандум бар.
"Аталған құжат қос шаһар арасындағы ынтымақтастықты арттыруға берік негіз болады деп сенеміз. Ол достық байланыстар мен өзара тиімді серіктестікті дамытып қана қоймай, мәдениет, білім, туризм және экономика салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға жол ашады", деп жазды Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Бөлісу