Шымкенттен 30-ға жуық үміткер еліміздің өзге өңірлерінде өтіп жатқан байқау кезеңдеріне қатысу үшін 7 түрлі өнер бағыты бойынша аттанған.
Бүгін еліміздің барлық музыкалық колледж студенттері арасында 47-ші республикалық орындаушылар байқауы басталды.
Байқауды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті мен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті бірлесіп ұйымдастыруда. Негізгі мақсат – дарынды жас орындаушыларды анықтау, олардың кәсіби шеберлігін арттыру және ұлттық әрі әлемдік музыкалық өнерді насихаттау.
Байқау Қазақстанның бірқатар өңірлерінде ұйымдастырылып, оның бір кезеңі қаламыздағы Саз колледжінде өтуде. Мұнда Астана, Алматы, Көкшетау, Өскемен, Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Семей, Қарағанды және Шымкент қалаларынан келген үміткерлер үш номинация бойынша жарысқа түсуде.
Атап айтқанда, «Фортепиано» номинациясы бойынша 18, «Музыка теориясы» бағыты бойынша 6, ал «Акустикалық гитара» номинациясы бойынша 4 қатысушы бақ сынауда. Оның ішінде, қаламыздың атынан «Фортепиано» номинациясы бойынша 2 үміткер, «Музыка теориясы» номинациясы бойынша 2 үміткер өнер көрсетуде.
Шымкент қаласы Білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Жақыпбайқызы Рүстемованың айтуынша, қаламыздан 30-ға жуық үміткер еліміздің өзге өңірлерінде өтіп жатқан байқау кезеңдеріне қатысу үшін 7 түрлі өнер бағыты бойынша аттанған.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқау екі кезеңнен тұрады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 24 сәуірге жоспарланған. Байқау лауреаттарына жоғары оқу орындарына түсу кезінде білім беру гранттарын алуға басымдық беріледі.


