ШЫМКЕНТ: оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған кездесу өтті

0
106

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңды жолмен өмір сүрудің артықшылықтарын насихаттау және жасөспірімдер арасында түрлі теріс әрекеттердің алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізілді.


ШЫМКЕНТ: оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған кездесу өтті

«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Берген Ержаппардың бастамасымен маңызды кездесу өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының прокуратурасы мен Полиция департаментінің қызметкерлері қатысып, А.С. Пушкин атындағы №1 жалпы орта мектебінің жоғары сынып оқушыларымен ашық әңгіме форматында кездесу ұйымдастырылды.

Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру және қоғамдағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын түсіндіру болды. Спикерлер жастарға құқықтық нормалардың әрбір азаматтың өміріндегі рөлін айта келе, заңды бұзудың салдары мен қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы жан-жақты мағлұмат берді.

Сонымен қатар, оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына тигізетін теріс әсері, оның адам өмірі мен болашағына тигізер зардаптары туралы нақты мысалдар келтірілді. Спикерлер атап өткендей, жемқорлық – тек экономикалық емес, моральдық тұрғыдан да қауіпті құбылыс. Ол әділдік принциптерін бұзып, қоғамның сенімін әлсіретеді. Сондықтан әрбір жас өз бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруы қажет.

Іс-шара барысында жас буын өкілдеріне заңды жолмен өмір сүрудің артықшылықтары, құқықтық мәдениет пен азаматтық белсенділікті дамыту жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың, буллинг пен агрессивті мінез-құлықтың алдын алу бағытында профилактикалық әңгімелер өткізілді.

Қатысушылар жастардың өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруда білім беру мекемелері мен ата-аналардың, сонымен қатар құқық қорғау органдарының өзара тығыз байланыста болуының маңызын атап өтті. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жастарды қоғамның белсенді, саналы және заңға бағынатын азаматтары ретінде тәрбиелеуге ықпал ететіні айтылды.

Кездесу соңында оқушылар мамандарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, нақты әрі толыққанды жауап алды. Талқылау барысында жасөспірімдер құқық қорғау саласының жұмысымен танысып, өз құқықтары мен міндеттері жөнінде пайдалы ақпарат алды.

Мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп отырады және олардың басты мақсаты – өскелең ұрпақтың құқықтық санасын көтеру, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, әділдік пен адалдық құндылықтарын насихаттау.

Бұл бастама – Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан жастардың құқықтық тәрбиесіне бағытталған кешенді жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады. Ол жас буынның азаматтық жауапкершілігін арттыруға, қоғамда әділдік пен заң үстемдігін орнатуға бағытталған ұзақ мерзімді әрі нәтижелі шара ретінде бағаланады.

Бөлісу