ШЫМКЕНТ: ​НҰРШУАҚ ШАҒЫН АУДАНЫНДА ЖАҢА СКВЕР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

0
153

«Халық қатысатын бюджет» ашықтықты, есеп беруді және қоғамның белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтып, ортақ жауапкершілікті қалыптастыратын тиімді тетік.


ШЫМКЕНТ: ​НҰРШУАҚ ШАҒЫН АУДАНЫНДА ЖАҢА СКВЕР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Шымкент қаласындағы Абай ауданына қарасты Нұршуақ шағын ауданындағы Миялы көшесінің бойында жаңа демалыс орны ашылды.

Сквер «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жергілікті тұрғындардың ұсынысы негізінде салынды.

Енді бұл жерде тұрғындар серуендеп, тынығып, балалармен бірге уақытты жайлы өткізе алады. Аллеяда 20 жарықшам, осынша орындық, қоқыс жәшіктері орнатылып, 190 түп ағаш егілді.
Алдағы уақытта аудан аумағында абаттандыру шаралары кезең-кезеңімен жалғасады. Бұл бағыттағы жұмыстар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында, яғни жергілікті азаматтардың ұсыныстары мен өтініштері негізінде жүзеге асырылады.

Еске салсақ, «Халық қатысатын бюджет» – бұл тұрғындардың тікелей қатысуымен жергілікті бюджет қаражатының белгілі бір бөлігін пайдалану бағытын анықтайтын бағдарлама. Оның басты мақсаты – қала мен аудан аумақтарындағы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді халықтың өзі көтеріп, оны шешуге қаржы бөлуге мүмкіндік беру.

Бағдарлама аясында әрбір тұрғын өз көшесі, ауласы, немесе шағынауданын жақсартуға қатысты жобалық ұсыныс бере алады. Мысалы, балалар және спорт алаңшаларын орнату, көшені жарықтандыру, тротуар немесе демалыс аймақтарын салу сияқты бастамалар жиі ұсынылады.

Ұсыныстар арнайы онлайн және офлайн форматта қабылданады. Кейін тұрғындар дауыс беру арқылы ең өзекті жобаларды таңдайды. Жеңген жобаларға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, жыл ішінде жүзеге асырылады.

«Халық қатысатын бюджет» ашықтықты, есеп беруді және қоғамның белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтып, ортақ жауапкершілікті қалыптастыратын тиімді тетік.

Бөлісу