ШЫМКЕНТ: қысқы маусымға дайындық және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары қарқынды

0
359


ШЫМКЕНТ: қысқы маусымға дайындық және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары қарқынды

Шымкент қаласында қысқы маусымға дайындық және су ресурстарын басқару бағытындағы кешенді жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.

Мегаполис басшылығы қаланың коммуналдық шаруашылығын заманауи стандарттарға сай жаңғырту арқылы тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруда. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында белгілі болғандай, биыл қаланың инженерлік инфрақұрылымы мен қысқы техникалық дайындығы жоғары деңгейде.

Шымкенттің 443 магистралды көшесін қысқы кезеңде күтіп ұстау үшін 5 ірі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) серіктесі жұмылдырылды. Қысқы тазалау жұмыстарына арнайы 243 техника сақадай сай тұр. Қар жауған күндері қала көшелеріне күн сайын 2 мыңға жуық жұмысшы шығып, жолдар мен тротуарларды тазартатын болады.

Аудандар бойынша қызмет көрсету көрсеткіштері:

  • Әр ауданда: 180-нен 350 шақырымға дейінгі жол желісі қамтылған.
  • Техника саны: Әр бағытқа 37-ден 62-ге дейінгі арнайы техника бөлінген.
  • Инертті материалдар: Қала қоймаларында 25 000 м³ құм және 15 000 тонна тұз дайындалды. Қар шығаруға арналған арнайы орындар бекітіліп, логистикалық жоспар құрылды.

Қаланың су арналарын реттеу және жағалауларды абаттандыру жобалары сәтті аяқталуда. Атап айтқанда, «Қошқар-ата» өзенінің жағалауы заманауи кейіпке еніп, «Ақжар» су қоймасы жаңғыртудан өтті. Сонымен қатар, «Ақсай–Қарабастау» және «Кәусар» каналдарының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді.

Су басу қаупін сейілту мақсатында:

  • Каналдардың 268 шақырымы механикалық тазалаудан өтуде.
  • «Бадам» өзенінің 9 шақырымында арнаны нығайту жұмыстары жүргізілсе, 2025 жылы ең қауіпті деп танылған 5,3 шақырымдық бөлікті жаңарту қолға алынды.

Шымкенттің аптап ыстығында қала ауасын салқындату үшін бірегей ылғалдандыру жүйесі іске қосылды. «БМК» каналынан «Жаңа Шек» каналына тәулігіне 200–250 л/с су жіберіліп, орталық көшелерді сумен ылғалдандыру жүйесі жұмыс істеуде. Бұл жобаны алдағы уақытта Кіші Самал мен Абай саябағы бағыттарына кеңейту жоспарланған.

Қаладағы субұрқақтар жүйесі де жаңартылуда:

  • Бүгінде қала бойынша 86 субұрқақ бар, оның 41-і тікелей басқарма теңгерімінде.
  • Биыл 18 жаңа субұрқақ салынды.
  • 2025 жылы техникалық қызмет көрсету мен сорғыларды жаңартуға 250 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда барлық субұрқақтар қысқы мезгілге сәйкес сақтау (консервация) режиміне ауыстырылып жатыр. Бұл шаралар келесі маусымда техниканың ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етпек.
Бөлісу