Аурудың алдын алу мақсатында тұрғындар жеке бас гигиенасын қатаң сақтап, арнайы қорғаныш киім киюі қажет.
2025 жылы Шымкентте жануарлардан жарақат алған 1294 адам медициналық көмекке жүгінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 жағдайға көп.
Қалада иесіз ит-мысықтарды аулау жұмыстары жалғасуда — биыл 20127 ит пен 64 мысық залалсыздандырылған.
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары – Тұрымбетова Айгүл Мелесқызы мәлімдеді.
Құтыру – жануардан адамға жұғатын және орталық нерв жүйесін зақымдайтын аса қауіпті жұқпалы ауру. Құтыруға шалдыққан жағдайда аурудың соңы өлімге әкеледі. Аурудың қоздырғышы ит, қасқыр, түлкі, қарсақ сияқты аңдар арқылы таралады.
Құтырудан сақтанудың ең тиімді жолы — антирабикалық вакцина. Қала тұрғындарына құтыруға қарсы екпе тегін жүргізіледі. Әл-Фараби ауданына қарасты №2 қалалық аурухана (Жандосова көшесі №92 үй) жануар тістеген немесе жарақаттаған жағдайда алғашқы медициналық және вакцина көмегін көрсетеді.
Сонымен қатар, Шымкентте бруцеллез ауруының 7 жағдайы тіркелген. Мамандардың мәліметінше, аурушаңдықтың себептерінің бірі – қала маңындағы ауыл шаруашылық малдары арасында бруцеллездің таралуы. Бруцеллез – адамға малдан жұғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру созылмалы түрде өтіп, бірнеше рет қозуы мүмкін.