Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Кеңес төрағасы Қайрат Акеновтың модераторлығымен өткен жиынға Палата басшылығы, қалалық прокуратураның және аудан прокуратураларының, аудан әкімдіктерінің, сондай-ақ, уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыруға төлем мен өсімпұл есептеу мәселесі қаралды. Бұған Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлер өтініш жасауы себеп болған. Бизнес қоғамдастық өкілдерінің айтуынша, 30-дан астам кәсіпкер өздеріне қатысты сыртқы жарнамаға төлем есептелгенін мерзімінен кейін банк қосымшалары арқылы ғана білген. Соның салдарынан есеп-шотымыз бұғатталу қаупі бар дейді кәсіпкерлер.
Кәсіпкерлер, сонымен қатар, басқа да бірқатар проблеманы көтерді. Олардың айтуынша, есептелген төлем сомасы нақты орналастырылған жарнаманың көлеміне сәйкес келмейді, сөрелердегі бейнелер негізсіз түрде жарнамаға теңестірілген, есептелген төлем туралы алдын ала хабарланбаған және бұзушылықтарды ерікті түрде орнына келтіруге мүмкіндік жоқ дейді. Сондай-ақ, негізгі төлем мен өсімпұл бір мезгілде есептелген, ал кей кәсіпкерлер жарнама элементтерін бұрын алып тастаса да соған қарамастан төлем есептелген дейді.
Жиын барысында мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлік субъектілерге есептелген төлемдер мониторинг нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органнан салық органдарына берілген мәліметтер негізінде есептелгенін айтты.


