​ШЫМКЕНТ ҚАНДАСТАРДЫ ҚАБЫЛДАЙТЫН ӨҢІРЛЕР ТІЗІМІНЕН ШЫҒАРЫЛДЫ

0
109

Қазіргі таңда Үкімет шетелден қоныс аударушыларды қабылдайтын 7 өңірді айқындады.


​ШЫМКЕНТ ҚАНДАСТАРДЫ ҚАБЫЛДАЙТЫН ӨҢІРЛЕР ТІЗІМІНЕН ШЫҒАРЫЛДЫ

Қазақстанда қандас мәртебесін беру тәртібі жаңартылып, шетелден қоныс аударған азаматтарға тиісті мәртебе беру тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа ережеге сәйкес, Шымкент қаласы қандастарды қабылдайтын өңірлер тізіміне енбейді.

Бұл өзгеріс 2026 жылдың 16 ақпанынан бастап күшіне енді. Қазіргі таңда Үкімет шетелден қоныс аударушыларды қабылдайтын 7 өңірді айқындады. Олар – Абай, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстары.
Жоба аясында қандас мәртебесін беру немесе ұзарту рәсімдері де қарастырылған. Қабылдау өңірлеріне қоныстанған азаматтармен 5 жыл мерзімге әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Алдымен үміткерлер migration.enbek.kz порталы арқылы онлайн өтініш беріп, қазақ тілінен «Қазтест» жүйесі бойынша тест тапсырады (ең төменгі деңгей – A1). Одан кейін электронды сауалнама толтырылып, қажет құжаттар қоса тіркеледі. Жүйе автоматты түрде бағалайды.
Келесі кезеңде үміткерлердің мәліметтері ведомствоаралық деңгейде тексеріледі. Құқық бұзушылықтар немесе тыйым салынған ұйымдарға қатысы анықталған жағдайда, өтініш қабылданбайды. Бұдан соң жергілікті атқарушы органдармен әңгімелесу өткізіледі. Қорытынды шешім әңгімелесуден кейін 2 жұмыс күні ішінде хабарланады. Жалпы бағалау мерзімі 29 жұмыс күнінен аспайды.
Жаңа тәртіп көші-қон үдерістерінің ашықтығын арттырып, қоныс аударушыларды өңірлерге тиімді орналастыруға және қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Бөлісу