​ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ӘЛЕМ ЖӘНЕ АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

0
199

Жеңімпаздарға демеушілер есебінен автокөліктер табысталды.


​ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ӘЛЕМ ЖӘНЕ АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әлем және Азия чемпиондарымен кездесіп, оларға жылы лебізін білдірді.

Мақтаныш пен шабытқа толы жүздесу барысында спортшылар өздерінің жарыс кезіндегі әсерлерімен және жеңіс жолындағы еңбектерімен бөлісті. Қала басшысы жастарға үлгі боларлық ерлік пен табандылық танытқан чемпиондарға ризашылығын білдіріп, олардың жетістіктері тек Шымкенттің емес, күллі қазақстандықтардың абыройын асқақтататынын атап өтті.

Кездесуде Мемлекет басшысының спортты дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясындағы жұмыстар мен қаладағы спорт инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері де қозғалды. Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, Шымкент бүгінде елдің ең белсенді спорт орталықтарының біріне айналып келеді, онда түрлі бағыттағы спорт түрлерімен мыңдаған жас айналысады.

Айта кетейік, жуырда Ливерпуль қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке жетіп, жеті алтын, бір күміс және екі қола медаль иеленді. Бұл көрсеткіш – ұлттық құраманың рекордтық нәтижесі болып, қазақстандық спорттың шежіресіне алтын әріппен жазылды.

Кездесуде ағайынды Сабырхандарға ерекше құрмет көрсетілді. Махмұд Сабырхан тұғырдың ең биік сатысына екінші рет көтерілсе, небәрі 19 жастағы інісі Төрехан алғаш рет әлем чемпионы атанып, ел тарихында өзіндік із қалдырды. Бұл жетістік – Шымкент спорт мектебінің жүйелі еңбегі мен бапкерлердің табанды дайындығының айғағы.

Сонымен қатар, қала спортының өзге де өкілдері биік белестерді бағындыруда. Бангкокта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Санжар-Әли Бегалиев алтын медаль жеңіп алса, тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев Абайдың 180 жылдығына арналған халықаралық турнирде жеңіс тұғырынан көрінді. Ал үш дүркін әлем чемпионы Жұмажан Қожамбеков әскерилер арасындағы қазақ күресінен чемпион атанып, ел намысын қорғады.

«Ерік-жігер, тәртіп пен спортқа деген адалдық осындай зор нәтижелерге жеткізеді. Біздің спортшылардың жеңістері жас буынды табандылыққа, еңбекқорлыққа және отансүйгіштікке тәрбиелейді. Олар еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттыруға үлкен үлес қосып отыр», – деді қала әкімі өз сөзінде.

Жиын соңында демеушілердің қолдауымен жеңімпаз спортшыларға заманауи автокөліктер табысталды. Бұл – қала әкімдігінің спортшыларды қолдау мен ынталандыру бағытындағы нақты қадамының бірі.

Қала басшысы чемпиондар мен олардың бапкерлерін тағы бір мәрте құттықтап, алдағы уақытта жаңа жеңістер мен биік белестерге жетулерін тіледі. Ол сондай-ақ спорт арқылы жастардың денсаулығын нығайту мен салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, қалада бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Бөлісу