Бүгін Шымкент қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай бірнеше ауқымды әрі тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Қоғамның еңбек адамдарына деген құрметін арттырып, жастардың жұмысшы кәсіптеріне деген қызығушылығын оятуға бағытталған іс-шараның маңызы зор.
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен «Жұмысшы – мерейлі мамандық» атты тақырыптық сурет көрмесі – осы мақсатты көздеген мазмұнды шараның бірі. Кітапхананың Мерзімді басылымдар бөлімінің бастамасымен ұйымдастырылған көрмеде жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы орны мен маңызы кеңінен насихатталды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама еңбек адамының мәртебесін арттырып, ел дамуына қосар үлесін жаңа қырынан бағалауға жол ашты. Көрме аясында көрермендерге фотоқұжаттар, отандық басылымдарда жарық көрген мақалалар мен түрлі жұмысшы кәсіп иелерінің суреттері ұсынылды. Сонымен қатар, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың өмірбаяны, жетістіктері мен қоғамға сіңірген еңбегі туралы тың мәліметтер көпшілік назарына ұсынылды.
Көрмені қаладағы колледж, жоғары оқу орындарының студенттері мен кітапхананың тұрақты оқырмандары тамашалады. Олар дәнекерлеуші, құрылысшы, электрик, токарь, теміржолшы секілді мамандықтардың ерекшеліктерімен танысып, еңбек майталмандарының бейнесін көкейге түйді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Білім мен тәжірибесі бар жұмысшы – еліміз үшін ең құнды ресурс. Жұмысшы мамандықтарын насихаттап, бұл бағыттағы көзқарасты өзгертуіміз керек», деп атап өткен болатын. Бұл тұжырым көрме барысында кеңінен насихатталды.
Кітапхана ұжымы атап өткендей, мұндай көрмелер жастардың еңбекке деген құрметін арттырып қана қоймай, олардың мамандық таңдаудағы көзқарасын кеңейтеді. Сонымен бірге жұмысшы еңбегі тек дене күшіне емес, терең білім мен шеберлікке негізделетіні де жан-жақты көрсетілді.
Сондай-ақ бүгін Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінде де маңызды шара өтті. №1 кітапхана бөлімшесінде «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылына» арналған «Білікті маман болғың келе ме?» атты пікір алмасу ұйымдастырылды. Іс-шараға «Мирас» колледжі мен «Энергетика және байланыс колледжінің» мамандары арнайы шақырылып, кәсіби бағдар беру бағытында жастармен ашық сұхбат жүргізді. Пікір алмасуға келген «Мирас» колледжінің маманы Алтынай Таубаева атап өткендей, бұл – жұмысшы маман иелеріне көрсетілген құрмет. «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Сіздерді де осы адал еңбекпен нан тауып, қадірлі мамандық иесі болуға шақырамыз»деді ол.
Ал Энергетика және байланыс колледжінің өндірістік оқыту шебері Гүлжан Нұрбаеваның айтуынша, қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбек еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие. Оқушылар мамандардың айтқан ақыл-кеңестерін тыңдап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды. Қатысушылар қатарында №21 мектептің 9 сынып оқушылары болды. Мамандар оқушыларға арнап шеберлік сағаттарын өткізіп, түрлі кәсіби салалардағы тәжірибелік кеңестер берді. Жастар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі пайдалы жауап ала алды. Пікір алмасу өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оқушыларға үлкен серпін берді.
Жұмысшы мамандықтарын насихаттауға бағытталған мұндай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың болашақ кәсібін саналы түрде таңдауға ықпал етері сөзсіз.