Аталған шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл бастама қала тұрғындарының санитарлық-экологиялық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ, Шымкент қаласының көркеюіне оң ықпал етуде.
ERNUR.KZ. 2025 жылғы 16 тамыз күні Шымкент қаласының аумағында санитарлық тазалық пен абаттандыруға бағытталған «Таза қала» атты жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – қала аумағын қоқыстан арылтып, жасыл желектерді күтіп-баптау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және мегаполистің көркін арттыру.
Ауқымды сенбілікке қала әкімдігінің басқармалары мен құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері, аудан әкімдіктерінің мамандары, коммуналдық қызмет өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, еріктілер мен қала тұрғындары белсене қатысты. Таңертеңнен бастап басталған жұмыс аулалар мен көшелерді тазартудан бастап, саябақтар мен өзен-көлдер маңын қоқыстан арылтуға дейін жалғасты. Сонымен қатар, қураған ағаш бұтақтарын кесу, шөп шабу, жасыл аймақтарды ретке келтіру, гүлзарларды күтіп-баптау секілді ауқымды жұмыстар атқарылды.
Қаратау ауданы аумағында 440 қызметкер мен 25 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 46,9 тонна тұрмыстық қалдық арнайы полигондарға шығарылды. Бұл жұмыстарға коммуналдық қызмет мамандарымен қатар ерікті жастар да белсенді түрде атсалысты.
Еңбекші ауданында тазалық жұмыстарына 400-ден астам адам мен 33 техника қатысып, көшелер мен қоғамдық орындарда кең көлемді санитарлық жұмыстар жүргізілді. Мұнда тұрғындармен қатар мектеп оқушылары мен студенттер де үлес қосты.
Ал Абай ауданында 500-ге жуық адам және 15 арнайы техника жұмылдырылып, көшелерді тазалау, қураған ағаштарды кесу, шөп шабу және арық-атыздарды қоқыстан арылту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Аудан тұрғындары өз қолдарымен үйлерінің айналасын ретке келтіріп, көршілермен бірге шағын сенбіліктер ұйымдастырды.
Бұл бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Қалалық сенбіліктердің тұрақты түрде өткізілуі тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға, санитарлық-экологиялық мәдениетті нығайтуға және туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға зор мүмкіндік береді.
Сенбілікке қатысқан ардагерлер, жастар және белсенді азаматтар тазалық жұмыстарының қоғам үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. «Қаланың тазалығы – әрбір тұрғынның ортақ борышы. Осындай шаралар арқылы біз балаларымызға үлгі көрсетеміз, туған қаламызды көркейтуге атсалысамыз», – дейді сенбілікке қатысқан тұрғындардың бірі.
Айта кетейік, қала әкімдігі алдағы уақытта мұндай сенбіліктерді жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Тазалыққа бағытталған бастамалар Шымкент қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін болады.