Жыл басынан бері қалада кене шағу бойынша медициналық көмекке 530 адам жүгінген.
Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары – Тұрымбетова Айгүл Мелесқызы төмендегідей мәлімдеме жасады.
Шымкент қаласы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ), сібір жарасы, бруцеллез сияқты аса қауіпті инфекциялық аурулар бойынша қолайсыз өңірлер қатарына жатады. 2025 жылдың 30 маусымына дейінгі мәліметке сәйкес қалада КҚГҚ-ның 2 расталған жағдайы тіркелген. Ауруға шалдыққан екі адам Түркістан облысында мал бағу кезінде кене шаққаннан жұқтырған.
Жыл басынан бері қалада кене шағу бойынша медициналық көмекке 530 адам жүгінген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,8 пайызға жоғары. Мамандырдың айтуынша, кене шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну аса маңызды.
Қаладағы 11 елді мекенде көктемгі кезеңде мемлекеттік тапсырыс аясында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, тамыз айында II кезең дезинсекция жоспарланып отыр. Мамандар үй маңындағы қораларды, аула мен қоқысты механикалық тазалау қажеттігін ескертеді.
ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, жеке меншіктегі қораларда кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын тұрғындардың өз қаражаты есебінен жүргізуі міндетті. Бұл қауіпті індеттің таралуына жол бермеудің ең тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады.