Қала әкімі мердігерге барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, жұмысты уақытында аяқтауды тапсырды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала аумағындағы бірқатар маңызды инфрақұрылым нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Аралау барысында Момынов көшесінде салынып жатқан автомобиль өткелінің құрылыс алаңына барып, нысанның қазіргі жағдайы тексерілді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Қала әкімі мердігер ұйымға жұмысты сапа талаптарына толық сәйкес әрі белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырма жүктеді.
Одан кейін шаһар басшысы «Shymkent Bus» ЖШС-нің автопаркіне барып, қоғамдық көліктердің техникалық жай-күйін және жанармай құю инфрақұрылымының жұмысын бағалады. Кәсіпорын балансында 539 автобус бар. Үшінші автоматтандырылған газ құю станциясының пайдалануға берілуі автобус бағыттарының үздіксіз қызметін қамтамасыз етіп, қозғалыс кестесінің сақталуына мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев даңғылынан Бәйдібек би даңғылына қарай оң жақ жолақ ұйымдастыру аясында салынып жатқан жаяу жүргіншілер өткелінің құрылыс барысы тексерілді. Бұл жоба тұрғындардың жолдан өтуін ыңғайлы етіп, жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Қала әкімі мердігерге барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, жұмысты уақытында аяқтауды тапсырды.
Аралау соңында энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүзеге асырылып жатқан «Қайтпас» электр қосалқы станциясын қайта жаңғырту жұмыстары таныстырылды. Аталған жоба 24 мыңнан астам абонентті сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге, электр желілерінің тозу деңгейін 20 пайызға төмендетуге, өткізу қабілетін арттыруға және жаңа тұтынушыларды қосу үшін қосымша қуат беруге мүмкіндік береді.
Қала басшысы аталған жобалардың тұрғындар өмір сапасын арттырудағы маңызын атап өтіп, жауапты сала жетекшілеріне жұмыстарды жүйелі түрде бақылауда ұстауды тапсырды.


