Аталған жұмыстар жақын аумақтарда су басу қаупін төмендетіп, қаланың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала аумағындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Атап айтқанда, қала басшысы Қошқар ата өзенінің Жангелдин көшесінен Интернационалды көшесіне дейінгі бөлігінде жүргізілген абаттандыру жұмыстарының нәтижесін көрді. Жоба аясында мердігер ұйым өзен арнасын қалпына келтіріп, жағалау сызықтарын нығайтқан. Ұзындығы 3,5 шақырымнан асатын өзен түбі тазаланып, 14,2 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен қатар орындықтар мен жарықшамдар орнатылып, 7 жаяу жүргіншілер көпірі пайдалануға берілді. Аталған жұмыстар жақын аумақтарда су басу қаупін төмендетіп, қаланың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ Құрсай тұрғын алабында қуаты 40 МВА болатын 110/35/10 кВ «Ақжар» электр қосалқы станциясының іске қосылу рәсіміне қатысты. Бұл нысан мегаполистің энергия жүйесін сақиналау бағытындағы жұмыстарды дамытуға мүмкіндік беріп, электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен тұрақтылығын арттырады. Қосалқы станцияға жүктеме беру 2026 жылдың басына жоспарланған. Ол 220/110/6 кВ «Қазығұрт» қосалқы станциясында үшінші автотрансформатор орнатылғаннан кейін жүзеге асады. Жоба жаңа абоненттерді қосуға, кәсіпкерлік қызметті кеңейтуге және «Сауда-логистикалық орталықтың» өндірістік әлеуетін ұлғайтуға жол ашады.
Бұдан бөлек, Асар-2 шағынауданында әкімшілік тәртіппен қамауға алынған азаматтарға арналған арнайы қабылдау орны орналастырылатын аумақ қаралды. Жауапты тұлғаларға қажетті құжаттарды рәсімдеуді жеделдетіп, жобаны іске асырудың келесі кезеңіне көшу жөнінде тапсырма берілді.
Қала әкімі сондай-ақ буын ауруларын емдеуге маманданған жаңа медициналық орталықтың ғимаратына барып, оның мүмкіндіктерімен танысты. Мұндай медициналық нысандардың ашылуы диагнозды дер кезінде анықтауға және мамандандырылған медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған «Гүлдер аллеясы» жобасының жүзеге асу барысы назарға алынды. Бұл ретте жұмыстардың сапасы мен құрылыс мерзімінің сақталуы басты талап ретінде белгіленді.


