Өткен аптада Шымкент қаласында тергеу органдарының өндірісінде 181 қылмыстық іс тіркеліп, олардың 11-і сотқа жолданған.
Ең жиі кездесетін қылмыстардың қатарында алаяқтық, ұрлық, есірткінің заңсыз айналымы, тонау және жол-көлік оқиғаларына қатысты істер тіркелген. Алаяқтық фактілерінің басым бөлігі интернет кеңістігінде жасалған. 29 жағдай онлайн-алаяқтық ретінде тіркелсе, оның ішінде әлеуметтік желілер мен сайттардағы жалған жарнамалар арқылы азаматтарды алдау, инвестициямен пайда табу уәдесі, өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып жасалған жалған қоңыраулар және жалған несиелер рәсімдеу әрекеттері кездескен.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Мысалы, «С» есімді азаматшаға белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін банктің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырып, есепшотынан күмәнді несие рәсімделгенін айтып, оны «қауіпсіз шотқа» аударуды сұрап, 2 700 000 теңгені иемденіп кеткен. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мұндай жағдайлар жиі тіркеліп отырғандықтан, тұрғындардан бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға сақ болу, ресми банк байланыс нөмірлеріне қайта хабарласу арқылы нақты ақпарат алу сұралады.
Сонымен қатар, қалта ұрлығы мен ұялы телефондарды жымқыру фактілері де артып келеді. Мәселен, 1 маусым күні орталық саябақта белгісіз тұлға бала арбасындағы қалтадан ұялы телефонды жасырын ұрлап кеткен. Әдетте қалта ұрлықтары базарлар, қоғамдық көліктер мен мерекелік іс-шаралар кезінде орын алады, сондықтан халық көп шоғырланған жерлерде бағалы заттарға мұқият болу қажет. Есірткі айналымына қатысты да алаңдататын жағдайлар тіркелуде. Апта ішінде бұл салада ұсталған 11 адамның 5-еуі – 18-30 жас аралығындағы жастар, ал қалғаны – 30-60 жас арасындағы жұмыссыз азаматтар.
Көп жағдайда жастар әлеуметтік желілердегі күмәнді жарнамаларға сеніп, есірткі тасымалдаушы ретінде тартылып жатыр. Осыған байланысты жастарды беймәлім ұсыныстарға алданбауға, заңсыз әрекеттерден бойын аулақ ұстауға және мемлекет дамуына өз үлесін дұрыс жолмен қосуға шақыру маңызды. Қала аумағында жол-көлік оқиғалары да жиі тіркелуде.