ШЫМКЕНТ: қала әкімі бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді

0
209

Түркістан облысы әкімдігімен жасалған келісімге сәйкес коммуналдық меншікке өтетін бірқатар әкімшілік ғимараттарды да қарап шықты.


ШЫМКЕНТ: қала әкімі бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді

Шымкентте қала әкімі қаланы аралау барысында Тұран ауданы, 4-шағынауданда салынып жатқан сквердің құрылысын тексерді.

Жалпы абаттандыру және көгалдандыру аумағы 2600 шаршы метрді құрайды. Жаңа қоғамдық кеңістік тұрғындардың ұсынысы және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырылуда. Бұған дейін қараусыз жатқан аумақта автотұрақ болған. Скверді жақын арада пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, әкім Зерделі көшесінде орналасқан заңсыз кәсіпкерлік нысандарды және №26 жалпы орта мектептегі жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Мердігер ұйымға мектеп маңындағы аумақты көгалдандыруға ерекше назар аудару тапсырылды.
Сауда нысандарын ретке келтіру мақсатында әкімдік ұйымдасқан сауда аймақтарын қалыптастыру жұмыстарын жалғастыруда. Осы орайда қала басшысы «Сайдығани» сауда үйін жаңғырту тұжырымдамасымен танысты. Жауапты тұлғаларға сәулет талаптарын, абаттандыру нормаларын және сауда тәртібін сақтау міндеттелді.
Әрі қарай Әл-Фараби ауданындағы ұзындығы 10 шақырым болатын «Ақсай – Қарабастау» арнасының күрделі жөндеу жұмыстары тексерілді. Бұл арна тұрғын үйлерді су тасқынынан қорғауға бағытталған. Құрылыс жұмыстары бекітілген кесте бойынша жүргізілуде, аяқталу мерзімі — 2025 жылғы маусым.
Сондай-ақ, әкім Түркістан облысы әкімдігімен жасалған келісімге сәйкес коммуналдық меншікке өтетін бірқатар әкімшілік ғимараттарды да қарап шықты.
Аралау соңында Қонаев даңғылы мен Володарский көшесінің қиылысындағы жол учаскесіне барып, оның көлік қозғалысы үшін ашылуын тапсырды. Сонымен қатар, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бағдаршам орнату, тротуарларды қалпына келтіру, жол сызықтарын сызу және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Бөлісу