Биылғы жылдың маңызды жаңалығы – «Ынтымақ-2» шағын ауданы мен «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабының табиғи газ жүйесіне қосылуы. Осылайша Абай ауданы толықтай газбен қамтамасыз етілген қала аумақтарының қатарына қосылды.
Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Абай ауданының әкімі Сұлтанхан Шәкір Асылханұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасап, бірқатар маңызды көрсеткіштермен бөлісті.
Әкімнің айтуынша, бүгінде Абай ауданы тұрақты даму мен жаңару кезеңіне аяқ басты. Аудан аумағында 27 елді мекен орналасқан, мұнда 257 мыңнан астам тұрғын өмір сүруде. Соңғы жылдары әлеуметтік инфрақұрылым саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының барлығы дерлік ауыз су және электр энергиясымен толық қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасып келеді.
Биылғы жылдың маңызды жаңалығы – «Ынтымақ-2» шағын ауданы мен «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабының табиғи газ жүйесіне қосылуы. Осылайша Абай ауданы толықтай газбен қамтамасыз етілген қала аумақтарының қатарына қосылды. Бұл — тұрғындардың өмір сапасын арттырумен қатар, экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрмыстық шығындарды азайтуға септігін тигізетін маңызды қадам.
Сонымен қатар, аудан аумағында жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар да жоғары қарқынмен жүргізілуде. Қазіргі таңда ауданда 1274 көше бар, оның 844-і асфальт жабындысымен қамтылған. Биылғы жылы жол жөндеу жұмыстары кең көлемде атқарылуда: жыл соңына дейін барлық тас жолдарды толықтай асфальттау жоспарланған. Бүгінге дейін 148 көше жөнделіп, жаңа жабынды төселді. Егер жоспар толық орындалса, аудан аумағындағы асфальтталған көшелердің үлесі 100 пайызға жететін болады.
Бұл жұмыстар тек жол сапасын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетуге, көлік қозғалысын реттеуге және қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Сонымен бірге, жаңа жолдар мен жарықтандыру жүйелерінің орнатылуы ауданның келбетін жаңартып, қала тұрғындарының жайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді.
«Біздің мақсатымыз – тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасау. Әрбір жоба, әрбір бастама халықтың сұранысы мен қажеттілігіне негізделеді. Инфрақұрылымның сапалы болуы – тұрғындардың өмір сүру деңгейінің көрсеткіші», – деді Сұлтанхан Шәкір Асылханұлы өз сөзінде.
Абай ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар — қаланың тұрақты дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты нәтижелердің көрінісі.


