Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбек Қаратау ауданындағы Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынатын жолайрық құрылысының жобасымен танысты.
Жоба көлік жүктемесін азайтуға, өткізу қабілетін арттыруға және жол қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған. Жолайрық құрылысы аяқталғаннан кейін көлік ағымы оңтайланып, жолдағы уақыт қысқарады және жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы жағдайлар жасалады.
Сонымен қатар, тасымал инфрақұрылымын дамыту аясында Шұбаркөл көшесінің Өтегенов көшесінен Қазиев көшесіне дейінгі, сондай-ақ Қазиев көшесінің Шұбаркөл көшесінен Арғынбеков көшесіне дейінгі учаскелерінде қозғалыс ашылды. Жаңа бағыттар көшелердің өзара байланысын күшейтіп, параллель көшелердегі көлік ағымын реттеуге мүмкіндік береді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жаяу жүргіншілер жолын, көрші аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын аяқтау тапсырылды.
Ары қарай Алтынсарин көшесінің реконструкциясының барысы тексерілді. Көшені екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту шағынаудандар арасындағы көлік қолжетімділігін арттырып, Бәйдібек би даңғылындағы жүктемені төмендетеді.
Бұдан бөлек, «Астана» алаңындағы ашық аспан астындағы мұз айдындары мен «Мұз сарайы» жанындағы жаппай сырғанау алаңының жұмысы назардан өтті. Бүгіннен бастап «Астана» алаңындағы екі мұз айдынында және «Мұз сарайы» маңындағы алаңда қала тұрғындары мен қонақтарына арналған жаппай сырғанау ұйымдастырылды.


