Абаттандырудың тағы бір бағыты ретінде гүлзарлар мен жасыл аймақтар көбеюде. 2024 жылы 5 гүлзар пайдалануға берілсе, 2025 жылы 8 гүлзардың құрылысы жоспарланып, олардың басым бөлігі жыл соңына дейін аяқталмақ.
Шымкент қаласының Еңбекші ауданы соңғы жылдары жүйелі түрде дамып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асуда. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 732 шақырымнан асатын 728 көше бар. Қалалық әкімдік пен аудан басшылығының бастамасымен жол, жарықтандыру және абаттандыру бағытындағы жұмыстар кешенді түрде атқарылып келеді.
2025 жылы 72 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда сол жұмыстардың 90 пайызы толық аяқталды. Жаңа асфальт төселген көшелерде қозғалыс қауіпсіздігі жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар, жол жиегіндегі су ағызу жүйелері мен бордюрлер жаңартылып, ұзақ мерзімді пайдалануға мүмкіндік беретін сапалы материалдар қолданылуда.
Аяқжол салу жұмыстары да тұрақты түрде жүргізілуде. Биылдың өзінде 13,2 шақырым жаңа аяқжол тұрғындардың игілігіне берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе мектептер мен балабақшалар маңында, жаяу жүргіншілер көп жүретін аймақтарда жүзеге асырылуда.
Су басу қаупін азайту мақсатында ирригациялық арықтар орнату жұмыстары қолға алынған. Бұл өз кезегінде жауын-шашын кезінде судың көшелерде жиналуын болдырмай, экологиялық және санитарлық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Жарықтандыру саласы бойынша да айтарлықтай ілгерілеу бар. 2025 жылы жалпы 367 көше жарықтандырумен қамтылуы тиіс болса, қазіргі таңда 282 көше толық жарықтандырылды. Жыл соңына дейін жоспар толық орындалып, аудан көшелерінің барлығы заманауи жарық шамдармен қамтылатын болады. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін арттырумен қатар, қаланың түнгі келбетін де айтарлықтай жақсартады.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардың тікелей ұсыныстары ескеріліп, 47 аула мен 17 мекенжайда балалар ойын алаңшалары орнатылды. Бұл бастама – аудан халқының өмір сапасын арттыру мен қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Сонымен қатар, спорттық инфрақұрылым да кеңеюде. 2025 жылы 9 жаңа ашық спорт алаңы пайдалануға берілді. Мұндай нысандар жастардың салауатты өмір салтын ұстануына, бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп отыр.
Абаттандырудың тағы бір бағыты – жасыл аймақтар мен гүлзарларды көбейту. 2024 жылы 5 гүлзар пайдалануға берілсе, 2025 жылы тағы 8 гүлзардың құрылысы қолға алынды. Олардың басым бөлігі жыл соңына дейін тұрғындардың игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Бұл аумақтарда заманауи орындықтар, жарық шамдар және декоративті өсімдіктер орнатылып, қала экологиясын жақсартуға үлес қосуда.
Сонымен бірге, аудан көшелеріне жаңа атау тақтайшаларын орнату жұмыстары да белсенді жүргізілуде. 2025 жылы 207 көшеге 9015 тақтайша орнату жоспарланып, бұл жұмыстар толық жүзеге асырылатын болады.
Жалпы, Еңбекші ауданында жүргізіліп жатқан бұл кешенді шаралар инфрақұрылымды жақсартуға, қала тазалығын сақтауға және тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Аудан әкімдігі алдағы уақытта да абаттандыру, көгалдандыру және инженерлік жүйелерді дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырмақ.


