Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2022–2025 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітіліп, инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол Күздікбайұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы жайлы баяндады.
Бүгінде Еңбекші ауданы инженерлік инфрақұрылым саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Ауыз сумен қамту деңгейі 97%, электр энергиясымен қамтамасыз ету 99,8%, ал табиғи газбен қамту 97% деңгейінде жүзеге асырылған. Кәріз жүйесімен қамту үлесі әзірге 41%, ал аудан жолдарының 79,8%-ы асфальтталған. Бұл көрсеткіштер жыл сайын артып келеді.
Аудан әкімі атап өткендей, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес 2022–2025 жылдарға арналған «Жол картасы» қабылданып, оның аясында нақты жобалар іске асырылуда. Мақсат — тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырып, барлық негізгі инженерлік инфрақұрылыммен толық қамту.
2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыз сумен қамту мәселесі толығымен шешімін таппақ. Атап айтқанда, жаңа су құбырлары тартылып, қолжетімділік деңгейі 100 пайызға жеткізіледі. Сонымен қатар, 2026 жылға арналған қосымша жобалар да әзірленіп жатыр.
Электр желілерін жаңарту бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы 4,7 шақырым электр желісі жөнделіп, 3 трансформатор жаңасына ауыстырылды. Бұдан бөлек, Исфиджаб және Достық тұрғын алаптарындағы электр желілерін толық жаңарту 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл шаралар қуат тапшылығын болдырмауға және тұрғындарға сапалы электр энергиясын үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді.
Табиғи газ жүйесін дамыту бағытында 3739 абонентті жаңа жүйеге қосу жұмыстары жүргізілуде. Қаратөбе және Оңтүстік шағынаудандарында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғындарға газ қосу мүмкіндігі берілді. Ал Жалын, Қарабастау және Жұлдыз тұрғын алаптарында абоненттеу процесі жалғасуда.
Кәріз жүйелерін тарту бағытында да ілгерілеу бар. Биыл «Ұлағат» шағынауданында құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Енді Базарқақпа тұрғын алабында жаңа кәріз желісін тарту жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар, аудан орталығындағы 11 көшеге кәріз жүйесін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл жобалар іске асқанда, ауданның санитарлық және экологиялық жағдайы едәуір жақсарып, тұрғындардың тұрмыс сапасы арта түспек.
Есілбек Досбол Күздікбайұлының айтуынша, аудан әкімдігі инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын үнемі бақылауда ұстап отыр. «Біздің мақсатымыз – Еңбекші ауданындағы әрбір тұрғын үйге сапалы су, жарық және газ жеткізіп, заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Қазіргі жұмыстардың барлығы халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталған», – деді әкім.
Ауданның даму қарқыны жылдан жылға артып келеді. 2025–2026 жылдары Еңбекші ауданында жаңа жолдар салу, асфальт жамылғысын жаңарту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және көше жарықтандыру жұмыстарын кеңейту көзделген.
Жалпы, соңғы жылдары Еңбекші ауданының инфрақұрылымдық келбеті айтарлықтай өзгеріп, тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру жағдайы қалыптасуда. Алдағы уақытта жоспарланған жобалар толық жүзеге асқанда, аудан инженерлік қамту деңгейі бойынша Шымкенттегі алдыңғы қатарлы аймақтардың біріне айналмақ.


