Басқарма басшысы халықты жұмыспен қамту шараларын одан әрі жандандыру қажеттігін атап өтті. Ол халықты жұмыспен қамту, жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, сондай-ақ Ұлттық жобалар мен тұжырымдамаларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Еңбек мобильділігі орталығы атқарған жұмыстарды саралады.
Жиын барысында басқарма басшысы еңбек нарығындағы негізгі көрсеткіштерді, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын және алдағы кезеңге арналған міндеттерді талқылады. Ол халықты жұмыспен қамту, жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, сондай-ақ Ұлттық жобалар мен тұжырымдамаларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
Атап айтқанда, субсидияланатын жұмыс орындары бойынша бірқатар нәтижелерге қол жеткізілген. «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы 596 жас маман уақытша жұмыс орындарына жіберіліп, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтау мүмкіндігіне ие болды. Бұл бастама жастардың кәсіби біліктілігін арттырып, тұрақты жұмысқа орналасуына жол ашады.
Сондай-ақ, еңбек өтілі жоқ жастарды қолдауға бағытталған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 131 жас тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Ал аға буын өкілдері үшін іске асырылып жатқан «Күміс жас» жобасы бойынша 352 адамға жұмысқа орналасу мүмкіндігі берілген. Бұл жоба зейнетке дейінгі жастағы азаматтардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына ықпал етуде.
Тұрақты жұмыспен қамту бағытында да айтарлықтай нәтижелер бар – жыл басынан бері 6016 шымкенттік азамат әртүрлі саладағы тұрақты жұмыс орындарына жолданған. Бұл көрсеткіш қаладағы еңбек нарығының белсенділігін және жұмыс берушілердің ынтымақтастығын көрсетеді.
Жанат Өмірсейітқызы әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Мәселен, жыл басынан бері квота негізінде мүгедектігі бар 67 азамат және пробация есебінде тұрған 22 адам жұмысқа орналастырылған. Бұл – олардың қоғамға бейімделуіне және тұрақты табыс табуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Басқарма басшысы халықты жұмыспен қамту шараларын одан әрі жандандыру қажеттігін айтып, жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол еңбек нарығында туындайтын мәселелерді бірлесіп шешуге және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында белсенді жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.