ШЫМКЕНТ: арнаулы әлеуметтік қызмет сапасы – басты назарда

0
101

Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды ерте анықтап, оларға қолдау көрсету мақсатында арнайы мобильді топтар мен «Отбасыны қолдау орталығының» бірлескен жұмысы жолға қойылған. Бұл бағыттағы бастамалар оң нәтиже беруде.


ШЫМКЕНТ: арнаулы әлеуметтік қызмет сапасы – басты назарда

Бүгін Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында маңызды жиын өтті. Басқарма басшысы Жанат Өтебаева басқармаға қарасты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының жұмысына берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысын арнайы тыңдап, саладағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Жиынға әлеуметтік орталықтардың басшылары мен орынбасарлары қатысып, әрқайсысы өз мекемесінің атқарған жұмыстары жайында егжей-тегжейлі есеп берді. Әлеуметтік қолдау саласында көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру – бүгінгі күннің басты басымдықтарының бірі екені айтылды. Соңғы жылдары бұл бағытта оң нәтижелерге қол жеткізілгені де атап өтілді.

Кездесу барысында №9 және №10 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының мамандары баяндама жасап, өздерінің жұмыс бағыттары бойынша жеткен жетістіктерімен бөлісті. Олар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау мен қызмет көрсету тәжірибесін таныстырып, жаңа тәсілдер мен жаңашыл бастамаларды ортаға салды.

Сонымен қатар №1, №2, №6, №9 және №10 орталықтарда мүгедектігі бар азаматтарға стационарлық жағдайда көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды. Атап айтқанда, тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып, киім-кешек, аяқ киім және төсек-жабдықтарын кезең-кезеңімен жаңарту қолға алынған. Бұл – азаматтардың тұрмыстық жағдайын жеңілдетіп қана қоймай, олардың әлеуметтік ортада өзін сенімді әрі жайлы сезінуіне мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Жиын барысында тағы бір өзекті бағыт – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды ерте анықтау мәселесі талқыланды. Бұл ретте арнайы мобильді топтар құрылып, олардың жұмысы «Отбасыны қолдау орталығы» мамандарымен бірлесе жүзеге асырылуда. Мұндай әріптестік тәжірибесі қиын жағдайға түскен жандарға дер кезінде көмек көрсетіп, олардың қоғамнан оқшауланып қалмауына ықпал етіп отыр. Басқарма басшысы бұл бағыттағы шаралардың оң нәтиже беріп келе жатқанын ерекше атап өтті.

Жиын қорытындысында әрбір орталықтың атқарған жұмыстары жан-жақты сараланып, нәтижелері бойынша қорытынды жасалды. Сала мамандарына адал қызметтері мен әлеуметтік жауапкершілікті жоғары деңгейде атқарғаны үшін алғыс айтылды.

Жанат Өмірсейітқызы өз сөзінде алда тұрған міндеттердің ауқымды екенін атап өтті. Ол мүгедектігі бар азаматтар мен балалардың құқықтарын қорғау, олардың өмір сапасын арттыру, сондай-ақ қолайлы әрі инклюзивті орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігін тапсырды. Басқарма басшысы бұл салада жасалып жатқан әрбір қадам – әлеуметтік әділдікті нығайтып, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталғанын баса айтты.

Бөлісу