ШЫМКЕНТ: аппарат отырысында жастар саясаты мен өзге де мәселер қаралды

0
76

Биыл жастар саясаты үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады: идеологиялық жұмыс, жастарды әлеуметтік ортаға бейімдеу, оқыту және жұмыспен қамту.


ШЫМКЕНТ: аппарат отырысында жастар саясаты мен өзге де мәселер қаралды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жастар саясатын жүзеге асыру мәселелері, жастарды қаланың қоғамдық өміріне жұмылдыру бастамалары, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы қоғаммен өзара байланысы мәселелері қаралды.

Жастар саясаты басқармасының басшысы Азамат Пармановтың айтуынша, 2025 жылы қалада 1 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, оларға 205 мыңнан астам жас қатысқан. 15-34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5%-дан 2,9%-ға төмендеді. Сонымен қатар, NEET категориясына кіретін жастар саны шамамен екі есеге азайып, 12,6 мыңнан 6,9 мың адамға дейін қысқарды.
Биыл жастар саясаты үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады: идеологиялық жұмыс, жастарды әлеуметтік ортаға бейімдеу, оқыту және жұмыспен қамту. Негізгі бастамалар қатарында «JasApp» цифрлық платформасын іске қосу, «Жастар еңбек жасағы» жобасын дамыту, сондай-ақ, студенттер мен жас мамандарды қолдау шаралары бар.
Ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мөлдір Кеуенованың айтуынша, жыл басынан бері БАҚ және әлеуметтік желілердегі материалдарға мониторинг жүргізілген. Тұрғындардан түскен көптеген өтініш бойынша мемлекеттік органдар тарапынан уақтылы кері байланыс орнату қамтамасыз етілді.
Аудандардағы әкімдіктер мен басқармалардың әлеуметтік желілерде тұрақты жұмыс істеп жатқаны атап өтілді. Дегенмен, кейбір ведомстволарда ақпараттық жұмысты күшейту және ресми интернет-ресурстарды уақтылы жаңарту қажеттігі анықталды. Сонымен бірге, биыл өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мемлекеттік органдар қатысатын брифингтер мен баспасөз конференцияларын өткізу жоспары бекітілген.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жастармен нақты жұмыс істеуді күшейту, жоспарланған жобалар мен іс-шараларды сапалы іске асыру, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың ақпараттық-түсіндіру жұмысын белсендіруді, БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы халықпен жедел әрі ашық байланысын арттыруды тапсырды.
Бөлісу