Қала әкімі жоспарланған барлық спорт және туризм жобаларының уақтылы іске асырылуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда мегаполистегі туристік және спорттық инфрақұрылымды дамыту, өткен жылғы мемлекеттік бағдарламалар мен жекеменшік бастамалар аясында жұмыс орындарын құру жоспарының орындалу нәтижелері қаралды.
Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділхановтың айтуынша, Шымкентте туристік инфрақұрылымды дамыту және қаланың туристік тартымдылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл 4 жаңа қонақ үй ашылып, тағы 8 нысанның құрылысы жалғасады. Жалпы, қалада қонақ орналасуға қатысты 162 нысан бар.
Сонымен қатар, Сайрам тұрғын алабында Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері мен Қызыр мұнарасы сияқты туристік нысандар абаттандырылуда. Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін ақпараттық сүйемелдеу жүйесі кеңейтіліп, әуежайда, теміржол вокзалында және қаланың негізгі туристік орындарында туристік киоскілер жұмыс істейді.
Саланы цифрландыру аясында жасанды интеллект негізіндегі онлайн-гид және QR-бағыттар енгізілуде. Бұл жүйелер туристік нысандар мен бағыттар туралы ақпаратқа тәулік бойы қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, этноауыл, гастрономиялық кеңістіктер мен туристік инфрақұрылымды дамыту жобалары жүзеге асырылуда.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева жұмыссыздық деңгейін төмендету және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жүйелі жұмыс туралы баяндады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қалада 3 348 жаңа жұмыс орны ашылған, оның ішінде 2 472 – тұрақты, 876 уақытша жұмыс орны. Жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеді.
Биыл мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестициялық жобалар аясында 9 446 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 2 260 жұмыс орны ашылған, жұмыспен қамту жұмысы жалғасуда.
Ресми жұмыспен қамту, жалақыны уақтылы төлеу, зейнетақы жарналарын аудару және электронды еңбек шарттарын рәсімдеу мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев мегаполисте мектеп және аула лигаларынан бастап, қалалық чемпионаттар, марафондар, велошерулер, фестивальдер, ұлттық спорт түрлері мен ардагерлер арасындағы жарыстарға дейінгі ауқымды спорттық іс-шаралар күнтізбесі жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Жыл бойы түрлі деңгейдегі жүздеген спорттық іс-шара өткізу жоспарланған. Салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қала саябақтары мен аллеяларында нұсқаушылардың қатысуымен таңғы жаттығулар тұрақты ұйымдастырылып, тұрғындардың дене шынықтырумен жүйелі айналысу үлесі артып келеді.
Сонымен қатар, қаладағы спорт инфрақұрылымы нығайтылуда. Жаңа заманауи спорт нысандары, ірі спорт кешендері мен тұрғын алаптарда нысандар салынуда. Бұдан бөлек, қолданыстағы спорт ғимараттарын кезең-кезеңімен жөндеу және жаңғырту жоспарланған.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жоспарланған барлық спорт және туризм жобаларының уақтылы іске асырылуын бақылауды күшейтуді, сондай-ақ, қоғамдық орындарда өткізілетін таңғы жаттығуларға халықтың қатысу үлесін арттыруды және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауды тапсырды.


