Бюджеттің меншікті кірісі артығымен орындалып, шығыс бөлігі 99,4 пайызға игерілді.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат отырысы өтіп, онда 2025 жылға арналған қала бюджетінің игерілу қорытындылары жасалды, сондай-ақ, 2026 жылғы мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізу мәселелері қаралды.
Қаржы басқармасының басшысы Руслан Бақтыбаевтың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қала бюджетінің негізгі көрсеткіштері орындалған. Басым бағыттарға қарастырылған қаржы толық игерілді. Қала бюджетінің кірісі жоспардың 99,6 пайызына орындалған.
Сонымен қатар, бюджеттің меншікті кірісі артығымен орындалып, шығыс бөлігі 99,4 пайызға игерілді. Қаражаттың қалғаны негізінен республикалық кредиттердің түспеуіне байланысты қалыптасты. Басым бағыттарға қарастырылған қаржы толық көлемде игерілген.
Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Ниязбеков баяндамасында мәслихаттың шешіміне сәйкес Шымкент қаласының 2026 жылға арналған бюджеті бекітілгенін атап өтті. Мемлекеттік сатып алуларға дайындық аясында бүгінде 315 мекеменің жылдық жоспарлары бекітіліп, веб-порталға орналастырылған.
Сонымен бірге күнделікті және апталық қажеттіліктерге арналған тауарлар мен қызметтерді сатып алу бойынша конкурстар жарияланды. Конкурс рәсімдерінің уақтылы өткізілуін қамтамасыз ету мақсатында салалық басқармалар мен аудандық әкімдіктерге конкурс құжаттамасын белгіленген мерзімде тапсыру тапсырылды.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің уақтылы әрі сапалы өткізілуін бақылауды күшейтуді, конкурс рәсімдерінің бұзылмауын және мерзімдердің созылып кетпеуін қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, аудан әкімдері мен салалық басқармалардың басшыларына қоқысты уақтылы жинау және тасымалдау жұмысын күшейту, аумақтардың тиісті санитарлық жағдайын қамтамасыз ету міндеті жүктелді.


