ШЫМКЕНТ: әлеуметтік қолдау шаралары және жұмыспен қамту басты назарда

0
195

99 216 зейнеткер тұратын Шымкент қаласында «Ізетті зейнеткер» мекемесі 120 зейнеткерге дейін қабылдай алатын толық жағдаймен қамтамасыз етілген емдеу орнын іске қосқан.


ШЫМКЕНТ: әлеуметтік қолдау шаралары және жұмыспен қамту басты назарда

Шымкент қаласында әлеуметтік қолдау шаралары мен жұмыспен қамту мәселелері ерекше назарда ұсталып келеді. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек жан-жақты баяндап берді.

Қала әкімінің орынбасары атап өткендей, мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтарға қамқорлық көрсету және олардың өмір сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Әсіресе қарт адамдар мен зейнеткерлерге қолдау көрсетуге басымдық берілуде.

Қарттар күніне орай, 70 жастан асқан азаматтарға 3 айлық есептік көрсеткіш (11 796 теңге) мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек беріледі. Ал 80 жастан асқан жалғызбасты қарияларға ай сайын 2 АЕК (7 864 теңге) көлемінде қаржылай көмек тағайындалған. Бұл бастама – егде жастағы азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға және әлеуметтік қолдау жүйесін күшейтуге бағытталған маңызды қадам.

Сонымен қатар, зейнеткерлер үшін қоғамдық көлікте тегін жүру және санаторлық ем қабылдауға жолдама алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл әлеуметтік қамқорлық шаралары егде жастағы тұрғындарға өмірдің белсенді кезеңін ұзартуға және денсаулығын нығайтуға көмектеседі.

Бүгінде Шымкент қаласында 99 216 зейнеткер тұрады. Осыған орай, ардагерлер мен қарт азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Ізетті зейнеткер» мекемесі іске қосылды. Бұл орталықта бір уақытта 120 зейнеткерге дейін қабылдауға мүмкіндік бар. Мұнда демалыс пен сауықтыруға қажетті барлық жағдай жасалған – дәрігерлік бақылау, физиотерапиялық ем, мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

Әлеуметтік қолдау бағытындағы шаралармен қатар, қалада жұмыспен қамту саясаты да белсенді түрде жүргізілуде. Осы мақсатта 25 қыркүйек күні «Арбат» демалыс аймағында «Еңбек күні» мерекесіне арналған «Еңбек – елдің мұраты» атты өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 100-ден астам жұмыс беруші және еліміздің солтүстік өңірлерінен келген делегациялар қатысты.

Жәрмеңке барысында тұрғындарға бос жұмыс орындары ұсынылып қана қоймай, ерікті қоныс аудару бағдарламасы бойынша да кеңес берілді. Бұл – еңбек ресурстарын тиімді бөлу және өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімді сақтау бағытындағы маңызды бастама.

Сәрсен Абайұлының айтуынша, алдағы уақытта да Шымкент қаласында әлеуметтік әл-ауқатты арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және зейнеткерлер мен аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсету бағытындағы іс-шаралар жалғасын табады.

Қала әкімдігі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және әрбір азаматтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Бұл жұмыстар – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың тұрмыс деңгейін көтеру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған нақты іс-шаралардың бір бөлігі болып табылады.

Бөлісу