Депутат оңалту орталығының негізін қалаушыларымен және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, олардың саладағы проблемалық мәселелер бойынша ұсыныстарын тыңдады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Динара Наумова жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Сапардың негізгі мақсаты – әлеуметтік саладағы маңызды нысандардың жұмысымен танысу, тұрғындардың өтініш-шағымдарын тыңдау және өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастыру болды.
Сапар барысында депутат бірқатар кездесу өткізді. Алдымен ол өңір тұрғындарымен жүздесіп, азаматтардың күнделікті өмірінде туындап отырған әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелерін талқылады. Кездесуде тұрғындар коммуналдық қызметтердің сапасы, әлеуметтік қолдау шаралары, жұмыспен қамту және денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы туралы сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын жеткізді. Динара Наумова халықтың пікірін назарға алып, оларды Парламент деңгейінде қарастыруға уәде етті.
Іссапардың алғашқы нысаны – Шымкент қаласындағы №78 әйелдер түзету мекемесі болды. Мұнда депутат жазасын өтеуші азаматшалардың тұрмыс жағдайымен, еңбекке тарту деңгейімен және қайта әлеуметтендіру жұмыстарының барысымен танысты. Ол сотталған әйелдерге еңбекпен қамту арқылы олардың қоғамға қайта бейімделуіне көмектесудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, психологиялық қолдау мен білім беру курстарының тиімділігін арттыру қажеттігін сөз етті. Мекеме қызметкерлерімен кездесу барысында заңнамалық түзетулер мен әлеуметтік бағдарламаларды жетілдіру бағытындағы ұсыныстар талқыланды.
Сапардың келесі бағыты – ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту қызметтерін көрсететін «Өркен» қайырымдылық қоры. Депутат орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысып, жабдықтардың заманауи талаптарға сәйкестігін және лицензиялау шарттарының орындалуын тексерді. Сондай-ақ, орталықтың жұмыс жүйесі, мамандардың біліктілік деңгейі және ата-аналарға көрсетілетін кеңестердің тиімділігі жайлы мәліметтер алды.
Динара Наумова орталықтың негізін қалаушыларымен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен пікір алмасып, саладағы шешілмеген мәселелер бойынша ұсыныстарын тыңдады. Ол ерекше балалардың әлеуметке бейімделуі үшін мемлекеттік қолдау шараларын күшейту қажеттігін және бұл бағыттағы заңнамаларды жетілдірудің өзектілігін атап өтті.
Сапар қорытындысында депутат әлеуметтік нысандардың қызметін жақсарту, халықтың сұранысын ескеретін тиімді бағдарламаларды әзірлеу және қоғамдағы әлсіз топтардың құқықтарын қорғау үшін жүйелі жұмыс жүргізілетінін жеткізді.