ШЫМКЕНТ: Әл-Фараби ауданындағы инфрақұрылым мен абаттандыру жұмыстары жалғасуда

0
94

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл 33 балалар ойын алаңшасы мен 2 спорт алаңы абаттандырылды


ШЫМКЕНТ: Әл-Фараби ауданындағы инфрақұрылым мен абаттандыру жұмыстары жалғасуда

Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Әл-Фараби ауданының әкімі Мықтыбеков Маратбек Сәменбекұлы ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуы туралы баяндады.

Әл-Фараби ауданы қаладағы ең ірі аудандардың бірі болып саналады. Оның аумағында 17 шағын аудан мен 1 елді мекен орналасқан. 266 мыңнан астам тұрғыны бар бұл өңірде 931 көпқабатты және 16 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Қазіргі таңда аудан халқы ауыз су, электр энергиясы және табиғи газбен 100 пайыз қамтамасыз етілген.

Биыл аудан аумағында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында ауқымды абаттандыру жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде 33 балалар ойын алаңы мен 2 спорт алаңы толық жаңартылды, ал қосымша 5 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылдары да бұл бағыттағы іс-шаралар жалғасады: 2026 жылы 56 аула, 2027–2028 жылдары тағы 52 аула жаңғыртылмақ. Сонымен қатар, биыл 9 спорт алаңы жөндеуден өтті.

Аудан бойынша көше жарығын орнату да белсенді жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 133 көшеге жарық шам орнату жоспарланған, оның 42-сі бүгінде толық жарықтандырылды. Сондай-ақ, 112 көпқабатты тұрғын үйдің 63 ауласына жарық шам қойылып, қалған бөлігі жыл соңына дейін аяқталады.

Жол инфрақұрылымын жаңарту – ауданның негізгі басым бағыттарының бірі. 2025 жылға арналған жоспар бойынша 25 көшеге жаңа асфальт төсеу қарастырылған, оның 18-інде жұмыстар толық орындалды. Қалған 7 көшеде жөндеу жалғасуда. Бұдан бөлек, 85 көшенің асфальт қабатын жаңарту жоспарланып, бүгінгі таңда оның 23-і аяқталды.

Сонымен бірге, аудан аумағында аяқжол салу, ирригациялық жүйелер орнату, көпқабатты үйлердің қасбеттерін жарықтандыру, ғимараттарға мурал салу және жаңа демалыс орындарын ашу жұмыстары қолға алынған. Бұл шаралардың барлығы аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, қала мәдениетін арттыруға және қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Әкімнің айтуынша, алдағы уақытта тұрғындармен кері байланыс орнату, қоғамдық кеңестер арқылы жобаларды талқылау және халықтың ұсынысын ескере отырып, ауданның дамуын одан әрі ілгерілету жоспарлануда.

Бөлісу