«Таза Қазақстан» акциясы аясында ауданда 41 рет сенбілік ұйымдастырылып, 8 мыңға жуық адам мен 190 техника жұмылдырылды.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы қыс мезгіліне тыңғылықты дайындық жұмыстарын қолға алып отыр. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында аудан әкімі Мықтыбеков Маратбек Сәменбекұлы мәлімдеді.
Аудан аумағында барлығы 931 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Оның ішінде 861 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда осы үйлердің 97 пайызы қысым сынағынан өткізіліп, жүйелердің дайындығы тексерілді. Бұл жұмыстар тұрғындардың қыс мезгілінде жылу тапшылығын сезінбеуі үшін жасалып отыр.
2025 жылы тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында 20 көпқабатты үйге жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 13 үйде жұмыс толығымен аяқталды. Қалған үйлерде қасбетті әрлеу және инженерлік жүйелерді жөндеу жалғасуда. Сонымен қатар, реновация жобасы аясында биыл 4 мекенжайда жаңа құрылыс жұмыстары басталды. Бұл бағдарлама ескі және апатты үйлердің тұрғындарын жаңа, жайлы баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. 2029 жылға дейін жалпы саны 28 апатты үйді бұзып, 235 меншік иесіне жаңа пәтер кілтін тапсыру жоспарланып отыр.
Ауданның әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуы тек тұрғын үймен шектелмейді. Қала аумағындағы сауда нысандарын жаңарту және ретке келтіру де күн тәртібінде тұр. Қазіргі таңда «Орталық Қырғы» базарының 50 пайызы жаңартылды. Мұнда заманауи шатырлар мен ыңғайлы павильондар орнатылып, санитарлық талаптарға сай жаңа жоспар жасалды. Сонымен қатар, «Назым апа» және «Көктем» базарларында ескі нысандарды демонтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар сауда орындарының қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Тазалық пен экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында ауданда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы белсенді түрде өткізіліп келеді. Жыл басынан бері аудан аумағында 41 рет сенбілік ұйымдастырылған. Бұл шараларға 8 мыңға жуық тұрғын мен мемлекеттік қызметкерлер қатысып, 190 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде жалпы көлемі 504 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Қала аумағының тазалығын тұрақты сақтау үшін негізгі көшелер мен қоғамдық орындарға қосымша 275 қоқыс жәшігі орнату жоспарланып отыр.
Маратбек Мықтыбековтің айтуынша, бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жүйелі дамытуға және ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған. «Қысқы маусым – жауапты кезең. Сондықтан әрбір коммуналдық мекеме мен жауапты ұйым қысқа толық дайын болуы тиіс. Тұрғындарға жылы әрі қауіпсіз жағдай жасау – біздің басты міндетіміз», – деді аудан әкімі.
Әл-Фараби ауданы бүгінде Шымкент қаласының әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан ең белсенді аймақтарының бірі саналады. Ауданда жыл сайын жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен демалыс орындары салынуда. Қаланың экологиялық бейнесін жақсарту, көше мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жалғасын табатын болады.


