ШЫМКЕНТ: Абай ауданында абаттандыру мен көгалдандыру дамып келеді

0
168

Ауданның көгалдандыру бағытындағы жұмыстары да ерекше назарда. Қала экологиясын жақсарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 5 жаңа гүлзардың құрылысы қолға алынып, олардың бірқатары пайдалануға берілді.


   ШЫМКЕНТ: Абай ауданында абаттандыру мен көгалдандыру дамып келеді

Шымкент қаласының Абай ауданы аумағында тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Соның бірі – «Халық қатысатын бюджет» жобасы. Бұл бастама жергілікті қоғамдастықтың ұсыныстарын ескере отырып, елді мекендердің көркі мен қолайлы ортасын жақсартуға бағытталған. Аталған жоба аясында биыл ауданға 1,9 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, оның есебінен әлеуметтік маңызы зор бірқатар нысандардың құрылысы мен абаттандыру жұмыстары жүзеге асуда.

Бөлінген қаржының арқасында 16 жаңа ойын алаңшасы мен 3 заманауи спорт алаңы салынды. Сонымен қатар, тұрғындардың демалысы мен серуеніне арналған 5 гүлзар бой көтеріп, 34 мың шаршы метр аумаққа сапалы аяқжол төселді. Бұл жұмыстар қалалық инфрақұрылымды жаңартып, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Ауданның көгалдандыру бағытындағы жұмыстары да ерекше назарда. Қала экологиясын жақсарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 5 жаңа гүлзардың құрылысы қолға алынып, олардың бірқатары пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, «Асар» шағын ауданындағы тозығы жеткен 4 гүлзар қайта жаңартылып, заманауи келбетке ие болуда. Бұл игі бастама экологиялық жағдайды жақсартумен қатар, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге зор мүмкіндік туғызды.

Тазалық пен тәртіп – көркейген қаланың басты көрсеткіші. Осы орайда, жыл басынан бері аудан көлемінде 37 рет жалпы қала деңгейіндегі сенбілік ұйымдастырылып, оған 30 мыңнан астам тұрғын белсене қатысты. Қоғамдық жұмыстарға азаматтардың осылайша атсалысуы – ортақ жауапкершілік пен экологиялық мәдениеттің артуына үлкен үлес қосуда.

Балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өсуі де басты назарда. Осы мақсатта ескі ойын алаңшаларын жаңарту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Биыл 63 ойын алаңшасының 45-і толық жаңартылып, заманауи стандарттарға сай қайта жабдықталды. Қалған алаңшаларда жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.

«Халық қатысатын бюджет» жобасының басты ерекшелігі – тұрғындардың өз ұсыныстарын беріп, сол жобалардың жүзеге асуына тікелей атсалысуы. Бұл халық пен билік арасындағы сенімді арттырып қана қоймай, қала өмірін бірге жақсартуға бағытталған тиімді қадам.

Бүгінде Шымкент қаласының Абай ауданы осы жобаны сәтті іске асырып, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуда айтарлықтай нәтижеге жетіп отыр. Алдағы уақытта да осындай бірлескен бастамалар жалғасын тауып, қала экологиясын жақсартуға, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіле бермек.

Бөлісу