Өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында тұрақты өсім қалыптасты
2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Шымкент қаласының кәсіпорындары 969,5 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,7%-ға жоғары.
Қаланың өнеркәсіп құрылымындағы негізгі үлес (86,8%) өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Есепті кезеңде бұл салада 847,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 109,5%-ды құрады.
Өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында тұрақты өсім қалыптасты. Атап айтқанда, сусын өндіру көлемі – 2,9 есеге, өзге де бейметалл минералдық өнімдер өндіру – 76,9%-ға, металлургия өнеркәсібі – 55,1%-ға, химия өнеркәсібі – 50%-ға, машина жасау 28,3%-ға артты.
Сонымен қатар, дайын металл бұйымдарын өндіру – 26,2%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру – 25,8%-ға, тамақ өнімдерін өндіру – 15,3%-ға, қағаз және қағаз өнімдерін өндіру – 11,8%-ға, ал жеңіл өнеркәсіптегі өнім көлемі 4,4%-ға өсті.
Өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамуы, өндіріс көлемінің артуы және өнеркәсіптік әлеуеттің кеңеюі қаланың экономикалық өсіміне оң ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беріп отыр.


