Мәжіліс депутаттары шымкенттік жастармен жүздесті

0
94

Жиын барысында белсенді жастар бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.


Мәжіліс депутаттары шымкенттік жастармен жүздесті

Шымкент қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Данабек Исабек пен Нұрсұлтан Байтілесов жергілікті жастармен кездесу өткізді.

Басқосуға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, «AMANAT» партиясы Әл-Фараби аудандық партия филиалының төрағасы Наргиза Керімбаева, қалалық мәслихат депутаты Бақытжан Позилов, Жастар басқармасының басшысы Азамат Парманов қатысты.

Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Данабек Исабек Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жастарға қатысты заңнамалық бастамалар мен қабылданған шешімдер жөнінде қысқаша ақпарат берді. Оның айтуынша, жастарды қолдау, олардың әлеуметтік және кәсіби дамуына жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі.
Парламентте қабылданып жатқан заңдар ең алдымен халықтың, соның ішінде жастардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Жастардың ұсыныс-пікірлері әрдайым назарда болады, – деді Данабек Исабек.
Жиын барысында белсенді жастар бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, «Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында алғаш рет жұмысқа орналасқан жастарға төленетін қаржы көлемінің төмен екені айтылып, оны арттыруға ықпал ету ұсынылды. Сонымен қатар, жастарды кәсіпкерлікке баулу, өз ісін бастауға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі сөз болды.
Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жаңадан құрылған Жастар басқармасының жұмысына тоқталып, алдағы уақытта жастарға қатысты жобалар мен бастамалардың жүйелі түрде жүзеге асырылатынын жеткізді.
Кездесу соңында жастар осындай ашық форматтағы басқосулардың жиі өтуі маңызды екенін атап өтіп, халық қалаулыларына өз ұсыныстарын тікелей жеткізуге мүмкіндік жасағандары үшін алғыстарын білдірді.
Бөлісу