​ЛИВЕРПУЛЬДЕН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛҒАН БОКСШЫЛАРҒА ШЫМКЕНТТЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0
70

Махмұд Сабырхан Ливерпульде 55 келі салмақта финалға шығып, Испания боксшысы Рафаэль Лозаноны айқын басымдықпен жеңді. Осылайша, ол 2023 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында иеленген алтын медалін толықтырып, екі дүркін Әлем чемпионы атанды.


​ЛИВЕРПУЛЬДЕН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛҒАН БОКСШЫЛАРҒА ШЫМКЕНТТЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Англияның Ливерпуль қаласында өткен бокстан Әлем чемпионатында жеңіске жеткен Махмұд Сабырхан мен Төрехан Сабырханды бүгін Шымкент қаласының халықаралық әуежайында зор құрметпен күтіп алу іс-шарасы өтті.

Қос чемпионды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, спорт мектебі басшылары мен жаттықтырушылар, жерлестері, жанкүйерлері және туған-туыстары қарсы алды.

Салтанатты рәсімде Сәрсен Абайұлы қос боксшыны жеңісімен құттықтап, олардың есімі қазақ спортының тарихында алтын әріппен жазылатынын атап өтті.
— Ағайынды Сабырхандардың жеңісі – бүкіл Қазақстан халқының қуанышы. Олар туған жеріміздің ғана емес, күллі елдің абыройын асқақтатты. Мемлекет басшысы спорт пен дене шынықтыруды дамытуға ерекше назар аударып отыр. Осы бағытта Шымкент қаласында да жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Бүгінгі жеңіс — соның айқын көрінісі, – деді С.Құранбек. Сондай-ақ, ол спортшылар үшін алдағы Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындық жүргізудің маңызды екенін де айтты.
Іс-шарада жеңімпаз боксшылар бұл жеңіспен тоқтап қалмайтынын, алдағы жауапты сындарға тыңғылықты дайындық жүргізетінін жеткізді. Махмұд Сабырхан Ливерпульде 55 келі салмақта финалға шығып, Испания боксшысы Рафаэль Лозаноны айқын басымдықпен жеңді. Осылайша, ол 2023 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында иеленген алтын медалін толықтырып, екі дүркін Әлем чемпионы атанды.
Ал, Төрехан Сабырхан 70 келі салмақ дәрежесінде финалда Жапония өкілі Севон Окадзаваны тізе бүктіріп, алғаш рет Әлем чемпионы атанды. 19 жастағы Төрехан – қазақ боксы тарихындағы ең жас чемпион ретінде ел есінде қалады. Биылғы Ливерпульде өткен Әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді. Құрама боксшылары 7 алтын медаль жеңіп алып, ел спортындағы жаңа белесті бағындырды.
Бөлісу