Айтыс – қазақтың сөз өнерін ғана емес, сахна мәдениетін, актерлік шеберлікті, эмоциялық жеткізу өнерін тұтастай қамтитын күрделі жанр.
Шымкент қаласында ұлттық мұраның мәйегін жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасында ұйымдастырылған оқушылар арасындағы «Мен елімді жырлаймын» республикалық айтысы өтті.
Қала әкімдігінің қолдауымен өткен бұл жыр додасына елдің 14 өңірінен келген 16 дарынды жас ақын жиналды.
Айтысқа дайындық жұмыстары 5 желтоқсанда «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінен басталды. Бұл күні жас ақындар еліміздің белгілі айтыскерлерімен жүздесіп, шеберлік сағатына қатысты. Шығармашылық тәжірибемен бөлісіп, ақындық өнердің қыр-сыры туралы бағыт-бағдар берген ұстаздар қатарында Анар Жаппарқұлова, Өміржан Көпбосынов, Біржан Байтуов және Нұрлан Есенқұлов болды. Соңғы жылдары арнайы айтыс сыныптарын ашып, жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан Қаратау дәстүрлі өнер мектебі бүгінде республикамыздағы айтыс орталықтарының біріне айналып үлгерді. Оның нақты дәлелі, жуырда ғана осы мектептің шәкірттерінің «Қола домбыра» айтысында жеңіске жетуі болды.
Айтыстың әділ бағасын беру үшін құрамы беделді мамандардан тұрған қазылар алқасы шақырылды. Жыр сайысына филология ғылымдарының кандидаты, Құрмет орденінің иегері, республикалық айтыстардың жеңімпазы Серікзат Дүйсенғазы төрағалық етсе, алқа құрамында Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Өміржан Көпбосынов және Анар Жаппарқұлова болды. Қазылардың бұл құрамы жас ақындардың өнерін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.
Айтыстың ашылуында сөз алған Серікзат Дүйсенғазы ұлттық өнердің тәрбиелік мәнін атап өтіп, Шымкент төрінде өтіп отырған бұл додаға ерекше бағасын берді. Оның айтуынша, Мұхтар Әуезовтің айтысты дала театры деп атауы бекер емес, себебі айтыс – қазақтың сөз өнерін ғана емес, сахна мәдениетін, актерлік шеберлікті, эмоциялық жеткізу өнерін тұтастай қамтитын күрделі жанр. Осы тұрғыдан алғанда, балапан ақындардың дәл кәсіби театр сахнасында өнер көрсетуі ұлттық өнерді құрметтеудің және жас ұрпаққа дұрыс бағыт сілтеудің белгісі болмақ.


