Барлық қызметтер «SOCIUM» және «Әлеуметтік қызметтер порталы» платформалары арқылы автоматтандырылып, ашықтық пен сапа қамтамасыз етілген.
Шымкенттегі №8 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – инклюзивті қоғам құрудағы үздік тәжірибе.
Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметттік қорғау басқармасына қарасты «Қамқорлық» №8 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ерекше күтімді қажет ететін балаларды қоғамға бейімдеудің табысты үлгісіне айналды. Орталықта аутизм мен психоневрологиялық диагнозы бар 150 балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіліп келеді.
Балаларға жеке және топтық түзету-дамыту сабақтары арнайы педагог, логопед, дефектолог мамандардың көмегімен өткізіледі. Нәтижесінде балалардың сөйлеу, қимыл-қозғалыс және танымдық дағдыларында оң өзгерістер байқалуда. Әрбір баланың медициналық жағдайына сай жеке жұмыс жоспары әзірленіп, кешенді оңалту шаралары жүзеге асырылады.
Орталық заманауи жабдықтармен қамтылған: сенсорлық бөлме, тұз шахтасы, қыш және тігін шеберханасы, робототехника және арт-терапия бөлмелері жұмыс істейді. Биылдан бастап иппотерапия мен логомассаж әдістері де енгізілген.
Мекеме «Қамқорлық» қоры ұйымдастырған республикалық байқауда «Үздік орталық» атанып, материалдық-техникалық базасын жаңартуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда орталықта 135 маман еңбек етеді. Олар — педагогика, медицина және психология саласындағы кәсіби мамандар.
Барлық қызметтер «SOCIUM» және «Әлеуметтік қызметтер порталы» платформалары арқылы автоматтандырылып, ашықтық пен сапа қамтамасыз етілген.
Орталық ұжымы алдағы уақытта да ерекше балалардың әлеуетін ашуға бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырмақ.