Қайтарымсыз грант әлеуметтік топтардың бизнес-идеяларын жүзеге асыруға бағытталған. Business.enbek.kz порталында 2025 жылдың 21 мамырынан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар алуға өтінімдер қабылдау жүзеге асырылады.
Әр қатысушы мөлшері 400 АЕК-ті (1 572 800 тенге) құрайтын грантты тек бір рет ала алады. Өтінім беру үшін алдымен порталға тіркеліп, грант алу шарттарына сәйкестігінен тексеруден өтеді. Мұнан кейін бизнес-жоба үлгісін жүктеп, оны толтырып, порталға енгізеді. Өтініш нысынын толтырып, ЭЦК кілтімен қол қойылады. Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.
Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет. Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға үміткер бола алады: тіркелген жұмыссыз, жеке кәсіпкер болып тіркеу мерзімі 3 жылдан аспауы керек.
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болуы тиіс:
- еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдар;
- «кандас» мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар
- Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.