​Экологиялық жаңа демалыс аймағы мен жасыл белдеуді кеңейту жұмыстары қарқын алды

0
70

Шымкент қаласында экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында көгалдандыру мен абаттандыру бағытындағы ірі жобалар жүзеге асырылуда.


​Экологиялық жаңа демалыс аймағы мен жасыл белдеуді кеңейту жұмыстары қарқын алды

ERNUR.KZ. 2025 жылы Абай ауданы аумағында бұрынғы ескі қоқыс полигонының орнына жаңа «Экопарк» саябағының құрылысы басталды. Бұл жоба мегаполистің экологиялық мәдениетін арттырып, тұрғындарға демалыс пен спортқа арналған заманауи кеңістік ұсынбақ. Құрылыс барысында саябақ аумағын көгалдандыру жұмыстары да белсенді жүргізілуде.

Демеушілік қолдау аясында «Дани нан» компаниясы саябақ аумағына 5 000 дана ағаш көшетін (рябина, дуб, катальпа, ясень, клен, черемуха, тополь, липа) отырғызуды қолға алды. Әр ағаштың биіктігі 3–7 метр аралығында. Сонымен қатар, «BI GROUP» ЖШС демеушілігімен 9 дана су ұңғымасы қазылып, 13 гектар жерге автоматты суғару жүйесін орнату жоспарланған. Ал «DALA FRUIT» ЖШС қолдауымен 1 800 дана жеміс ағашы отырғызылып, 1 215 м² аумаққа сәндік өсімдіктер егілмек. Сондай-ақ, 8 гектар жерге тамшылатып суғару жүйесі жүргізіледі.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан да қала көшелерін көгалдандыру жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы ұзындығы 54,2 шақырым болатын 27 магистралды көшеде (жалпы көлемі 500 мың м²) газон мен суғару жүйесін жаңарту жұмыстары атқарылды. Көгалдандыру аумақтарын сумен қамтамасыз ету үшін басты көшелерде 32 су ұңғымасы іске қосылды.
Көктемгі ағаш егу маусымында жаңадан салынған шағын аудандардың басты көшелеріне 3 000 дана ағаш көшеті (гуджум, шынар, қызғалдақ ағашы) отырғызылса, күзгі маусымда биіктігі 2,5–7 метр болатын тағы 2 600 көшет егілмек.
Қала көшелерін көркейту мен гүлзарлардың сәнін арттыру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 22 000-нан астам көпжылдық гүл (лаванда, можжевельник, анабель, спирея, раушан) отырғызу жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, демеушілік қолдау негізінде жалпы аумағы 1 гектар болатын жылыжай жалға алынып, онда гүл көшеттерін өсіру жұмыстары басталды. Бұл бастама 2026 жылы қала көшелеріне 1,6 миллионнан астам гүл егу жұмыстарын сапалы әрі уақытылы орындауға мүмкіндік береді.
Ауқымды жоба Шымкент қаласының көркін арттырып қана қоймай, бюджет қаражатын үнемдеу және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Шымкент – жасыл желегі мен экологиялық мәдениеті дамыған, тұрғындарына жайлы орта қалыптастыруға ұмтылған заманауи қала болуға нық қадам жасап келеді.