Кездесу барысында Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Этномәдени бірлестік өкілдері өздерін толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Данабек Исабеков пен Нұрсұлтан Байтілесов Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары және белсенді өкілдерімен кездесті.
Кездесу Қазақстан халқы Ассамблеясының диалог алаңы ретінде этносаралық татулық пен бірлікті сақтау, қоғамдағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту мақсатын көздеді. Бұл – еліміздегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтаудағы маңызды қадамдардың бірі.
Іс-шараны Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев жүргізді. Ол алғы сөзінде этномәдени бірлестіктердің еліміздегі бірлік пен татулықты нығайтудағы рөліне тоқталып, осындай кездесулердің қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Жиынға қалалық мәслихат депутаты Абзал Зейнетаев, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, сондай-ақ қаладағы түрлі этномәдени орталықтардың жетекшілері мен белсенділері қатысты. Олардың қатарында қазақ, өзбек, орыс, татар, кәріс және басқа да этнос өкілдері болды.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау барысына тоқталды. Олар Ассамблеяның еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі орны ерекше екенін атап өтіп, этномәдени бірлестіктердің бастамалары әрқашан қолдау табатынын жеткізді.
Этномәдени бірлестіктердің өкілдері өз сөздерінде бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жастарды тәрбиелеу, тілдерді оқыту курстарын кеңейту, ұлттық мәдени мұраны сақтау, этносаралық достықты нығайту және қайырымдылық бастамаларын дамыту бағытында ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтаудың жаңа формалары бойынша пікірлер ортаға салынды.
Жиын соңында Мәжіліс депутаттары этномәдени бірлестіктердің қоғамдық өмірдегі маңызына ерекше тоқталды. Олар ынтымақ пен бірлікке бағытталған кез келген бастаманы қолдауға дайын екендіктерін білдіріп, этносаралық татулық – Қазақстан дамуының негізгі тіректерінің бірі екенін тағы да атап өтті.