«Баланы мектепке даярлайық»: шымкенттік депутат көпбалалы анаға қолдау көрсетті

0
18

Азаматтарды қабылдау: кездесулерде халықтың нақты проблемалары анықталып қана қоймай, оны шешу жолдары да қарастырылады. Әсіресе көпбалалы отбасылар, әлеуметтік аз қамтылған жандар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілген қолдау партия жұмысының басты бағыты болып қала бермек.


«Баланы мектепке даярлайық»: шымкенттік депутат көпбалалы анаға қолдау көрсетті

«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында кезекті қабылдау өтті. Азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, шешу жолдарын қарастыру мақсатындағы бұл қабылдауды Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, партия фракциясының жетекшісі Бақытжан Позилов жүргізді.

Қабылдау барысында тұрғындар әртүрлі бағыттағы жеке мәселелерін көтерді. Олардың арасында баспанаға мұқтаждық, жұмысқа орналасу, әлеуметтік қолдау көрсету секілді өтініштер басым болды. Әрбір азаматтың сұрағы мұқият тыңдалып, заң аясында шешу жолдары қарастырылды.

Қарасу шағын ауданының тұрғыны көпбалалы ана ретінде отбасының жағдайын баяндап, табысының жеткіліксіздігінен күнкөріс қиындығын тартып отырғанын жеткізді. Бұл мәселені назарға алған депутат Бақытжан Позилов оған қолдау көрсетіп, «Баланы мектепке даярлайық» акциясы аясында жеке қаражаты есебінен 4 баласына мектепке қажетті құрал-жабдықтар табыстады. Бұл – партияның әлеуметтік әлсіз топтарға нақты көмек көрсетуге әрдайым дайын екенін айқындайтын мысалдардың бірі.

Сонымен бірге қабылдауда І топ мүгедек қызына жұмыс таба алмай жүргенін айтқан ана да көмек сұрады. Депутат мәселені ұзаққа созбай, жедел шешім қабылдады: азаматшаның қызына бірден қоңырау шалып, №2 қалалық ауруханаға жұмысқа орналасуға шақырды. Бұл жағдай депутаттың тұрғындардың мәселесіне бей-жай қарамай, нақты іс жүзінде қолдау көрсетіп отырғанын көрсетті.

Қабылдау барысында баспана мәселесі де жиі көтерілді. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген Бақытжан Позилов бұл мәселе тек электронды кезек арқылы және заң талаптарына сәйкес шешілетінін қатаң түсіндірді. «Кезектен тыс немесе заңнан тыс жолмен пәтер алу мүмкін емес. Әрбір азамат тек заңды рәсімдер арқылы өз кезегін күтуі тиіс», – деді депутат. Бұл түсіндірулер тұрғындарға мемлекеттік тұрғын үй саясатының ашық әрі әділ жүргізілетінін көрсетті.

Азаматтарды қабылдау – «AMANAT» партиясының қоғаммен байланыс орнатудағы маңызды тетіктерінің бірі. Осындай кездесулерде халықтың нақты проблемалары анықталып қана қоймай, оны шешу жолдары да қарастырылады. Әсіресе көпбалалы отбасылар, әлеуметтік аз қамтылған жандар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілген қолдау партия жұмысының басты бағыты болып қала бермек.

Шара соңында депутат Бақытжан Позилов әрбір өтініштің назардан тыс қалмайтынын, тиісті органдармен бірлесіп жұмыс жалғасатынын атап өтті. «AMANAT» партиясы тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетіп, олардың тұрмысын жақсартуға бағытталған істерді тұрақты түрде атқара береді», – деді ол.

Осындай қоғамдық қабылдаулар халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, қоғамда сенім атмосферасын қалыптастыруға да ықпал етеді. Ең бастысы – әрбір азаматтың үнін тыңдап, уақтылы қолдау көрсету. Бұл – партияның халық алдындағы басты міндеті.

Бөлісу