«Балаларды мектепке дайындайық»: шымкенттік депутат жалғызбасты анаға көмек көрсетті

0
26

Бұл қолдау жалғызбасты ананың әлеуметтік жүгін жеңілдетіп қана қоймай, балалардың жаңа оқу жылын толық дайындықпен бастауына мүмкіндік берді.


«Балаларды мектепке дайындайық»: шымкенттік депутат жалғызбасты анаға көмек көрсетті

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында кезекті қабылдау өтті. Бұл жолы қабылдауды Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, партия фракциясының мүшесі Байкен Әшірбаев жүргізді.

Кездесудің басты мақсаты – тұрғындардың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелерін тыңдап, нақты көмек көрсету жолдарын қарастыру. Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік қолдау мен баспанаға қатысты проблемаларын көтерді.

Достық мөлтек ауданының тұрғыны күнделікті тұрмыс-тіршілікте табысының жеткіліксіздігін айтып, отбасын асырауда қиындықтарға тап болып отырғанын жеткізді. Депутат Байкен Әшірбаев азаматтың өтінішіне бейжай қарамай, өз қаражаты есебінен қаржылай көмек көрсетті. Бұл – партия өкілдерінің халықпен етене байланыста екенін және қиын жағдайда қалған жандарға нақты қолдау көрсетуге дайын екенін айқын көрсететін мысалдардың бірі.

Сонымен қатар, қабылдауда бірнеше мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана да өз өтінішін білдірді. Оның жағдайын тыңдаған депутат балаларға қамқорлық көрсету мақсатында «Балаларды мектепке дайындайық» акциясы аясында мектепке қажетті оқу құралдары мен керек-жарақтарды табыстады. Бұл қолдау жалғызбасты ананың әлеуметтік жүгін жеңілдетіп қана қоймай, балалардың жаңа оқу жылын толық дайындықпен бастауына мүмкіндік берді.

Қабылдау барысында өзге де азаматтар әртүрлі сұрақтарымен жүгінді. Әрбір тұрғынның мәселесі мұқият тыңдалып, назардан тыс қалдырылмады. Депутат Байкен Әшірбаев өтініштерді шешу жолдарын заң аясында түсіндіріп, тиісті мемлекеттік органдарға жолдау үшін нақты бағыт-бағдар берді.

Мұндай қоғамдық қабылдаулар халықтың сенімін арттырып қана қоймай, билік пен азаматтар арасындағы байланысты нығайтуға да септігін тигізуде. «AMANAT» партиясы халықтың жанайқайына әрқашан құлақ асып, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысуды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады.

Кездесу соңында депутат Байкен Әшірбаев: «Әрбір тұрғынның өтініші біз үшін маңызды. Біз халықпен бірге болуға, олардың мәселесін шешуге әрқашан дайынбыз. Осындай қабылдаулар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіле береді», – деп атап өтті.

Бөлісу