Шымкент қаласында Халықаралық Отбасы күніне орайластырылған «Бақыт мекені» атты спорттық квест ойындары ұйымдастырылды.
Іс-шараны Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы өткізді. Мерекелік квест Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта өтті.
Шараға қала тұрғындары белсенді түрде қатысты. Әр команда төрт отбасы мүшесінен құралды. Белгіленген талаптарға сәйкес, бірнеше отбасы тіркеліп, өзара сайысқа түсті. Қатысушылар алдымен өзін таныстырып, отбасылық ұрандарын жария етті. Кейін арнайы әзірленген квест тапсырмаларын орындап, ептілік пен ұйымшылдықтарын сынады.
— Отбасы — кез келген қоғамның негізі, оның ұйытқысы. Сондықтан мемлекет отбасы институтын нығайтуға, ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттауға басымдық беріп отыр. Салауатты өмір салтын ұстанатын, бірлікті отбасы — қоғамның тірегі. Бүгінгі іс-шара жас отбасылар үшін ерекше маңызға ие, — деді Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Әйгерім Жұмағұлова.
Іс-шараның мақсаты — отбасы мүшелері арасындағы байланысты нығайту, белсенді өмір салтын насихаттау және отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Осындай мазмұнды іс-шаралар қоғамдағы берік отбасылардың үлесін арттыруға өз үлесін қосатыны сөзсіз.