Азаматтарды әлеуметтік қолдау: шымкенттік көпбалалы тұрғынға көмек көрсетілді

0
19

Бұл кездесу тек көмек көрсетумен ғана шектелмей, отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.


Азаматтарды әлеуметтік қолдау: шымкенттік көпбалалы тұрғынға көмек көрсетілді

Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында кезекті қабылдау өтті. Мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Балабиев қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініштеріне назар аударды.

Кездесуге келген азаматтардың басым бөлігі отбасы жағдайына байланысты туындаған мәселелерді көтерді. Әсіресе көпбалалы аналар, табысы аз отбасылар және әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың өтініштері алдыңғы қатарда болды. Бұл да түсінікті жайт, өйткені әр отбасының тұрақтылығы — бүкіл қоғамның әл-ауқатының кепілі.

Асар-2 шағын ауданынан келген көпбалалы ана өзінің табысы отбасының күнкөрісіне жеткіліксіз екенін айтып, балаларын жаңа оқу жылына даярлауда қиындықтарға тап болғанын жеткізді. Депутат Нұрсұлтан Балабиев бұл өтінішке бейжай қарамай, өзінің жеке қаражаты есебінен оның балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар алып берді. Бұл тек материалдық көмек қана емес, ананың көңіліне демеу, балаларға қуаныш сыйлаған игі қадам болды.

Қабылдау кезінде осындай мазмұндағы өтініштер аз болмады. Әлеуметтік жағдайы төмен тағы бірнеше отбасыға қажетті қолдау көрсетілді. Депутат тұрғындардың нақты мұқтажын тыңдап қана қоймай, олардың мәселесін шешуге тікелей атсалысты.

Сондай-ақ, Бадам-1 мөлтек ауданынан келген азамат шығармашылықпен айналысатынын айтып, өз туындыларын оқырманға жеткізу үшін қолдау қажеттігін жеткізді. Бұл да жанұяға қатысты мәселе, себебі шығармашылықпен айналысатын азаматтар көбіне отбасылық табысты арттыруға қосымша үлес қоса алмайды. Осыны ескерген халық қалаулысы бұл ұсынысты қолдайтынын және алдағы уақытта қолдау көрсету жолдарын қарастыратынын айтты.

Қабылдауда баспана мәселесі де көтерілді. Бір тұрғын үй кезегінің ұзақ жылдамай тұрғанын айтса, тағы бірі үй кезегіне тіркелу тәртібін білгісі келді. Депутат тұрғындарға барлық өтініштер электронды кезек арқылы қабылданып, автоматтандырылған жүйеде қатаң бақылауда жүргізілетінін түсіндірді. Бұл — отбасы тұрақтылығы үшін маңызды қадам, өйткені баспана әрбір жанұяның негізін қалыптастырады.

Нұрсұлтан Балабиевтің айтуынша, «AMANAT» партиясы үшін отбасы — басты құндылықтардың бірі. Сондықтан партия әрқашан көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналарға қолдау көрсетуді жалғастыра береді.
Қоғамдық қабылдау барысында айтылған әрбір мәселе хаттамаға енгізіліп, оны шешу жолдары қарастырылатын болды. Бұл кездесу тек көмек көрсетумен ғана шектелмей, отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.

«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да қоғамдағы басты құндылық — отбасының мүддесін қорғап, әр шаңырақтың шаттығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге өз үлесін қоса бермек.

Бөлісу