​«АСЫЛ МҰРА» ФЕСТИВАЛІ: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ МЕН ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

0
204

Шараға Қазақстанның Халық әртістері Айгүл Үлкенбаева, Секен Тұрысбеков, Рамазан Стамғазиев және елімізге белгілі өнер майталмандары қатысады.


​«АСЫЛ МҰРА» ФЕСТИВАЛІ: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ МЕН ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәдениет пен руханият саласындағы маңызды жаңалықпен бөлісті.

Оның айтуынша, 26–27 қыркүйек күндері Шымкент қаласында дәстүр мен руханиятты ұлықтауға арналған «Асыл мұра» республикалық дәстүрлі өнер фестивалі өтеді. Ауқымды мәдени іс-шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Бұл фестиваль – ұлттық өнеріміздің тамырын тереңге тартқан асыл дәстүрлерді дәріптеу мен ел руханиятын байытуға бағытталған игі бастама.

Фестивальдің алғашқы күні, яғни 26 қыркүйекте сағат 15:00-де, Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында оқушылар арасындағы республикалық өнер байқауы өтеді. Бұл кезең жас дарындарға өз өнерін көрсетуге, сахнада еркін өнер көрсетуге және ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ал 27 қыркүйекте дәл сол сахнада кәсіби өнерпаздардың қатысуымен үлкен гала-концерт ұйымдастырылады. Бұл кеште көрермендерге қазақтың бай музыкалық мұрасы – ән, күй, жыр, терме және дәстүрлі рухани мектептердің тағылымды өнері ұсынылады. Әр өңірден келген талантты өнерпаздар ұлттық өнердің алуан қырын көрсетіп, көрерменге рухани серпіліс сыйламақ.

Фестивальдің басты мақсаты – ата-бабалардан келе жатқан дәстүрлі өнерді кеңінен насихаттау, ұлттық болмыс пен мәдениетімізді ұрпақ санасына сіңіру, сонымен қатар жас буынның рухани тәрбиесін күшейту. Бұл шара арқылы қазақ халқының бай мұрасы мен дәстүрі келешекке жол тартып, халықтық өнердің үзілмейтін алтын жібі жалғасады.

Фестивальге Қазақстанның Халық әртістері мен елімізге танымал өнер жұлдыздары қатысады. Атап айтқанда, көрермендер сүйікті орындаушылар Айгүл Үлкенбаева, Секен Тұрысбеков, Рамазан Стамғазиев және басқа да өнер майталмандарының орындауындағы туындыларды тыңдай алады. Олардың өнері – ұлттық сахна мәдениетінің биік деңгейін көрсететін жарқын үлгі болмақ.

Кештің жүргізушісі – фольклортанушы ғалым, «Құрмет» орденінің иегері Берік Жүсіп. Ол фестиваль барысында өнердің тарихы мен рухани маңызы туралы тағылымды ойлар айтып, көрерменмен ұлттық өнердің мәні мен мазмұны жайлы терең әңгімелеседі деп күтілуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кіру тегін. Бұл фестиваль барша өнер сүйер қауымға, ұлттық мәдениетке бейжай қарамайтын азаматтарға арналады. Әр көрермен көне дәстүр мен заманауи сахнаның үндестігін тамашалап, қазақ өнерінің асыл қазынасынан рухани қуат алмақ.

«Асыл мұра» фестивалі – бұл тек концерт емес, ұлттың мәдени коды мен рухани болмысын сақтауға бағытталған үлкен мәдени қозғалыс. Шымкент қаласында өтетін бұл шара еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнер иелерінің басын қосып, дәстүр сабақтастығын жалғастырудың жарқын үлгісіне айналатыны сөзсіз.

Бөлісу